1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Г.Н.Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінде «Мен өмірге ризамын» атты диалог кеші өтті.
Талай тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні – барлық ұлттың бір-біріне және қазақ халқына алғыс айту күні еліміздегі ерекше оқиғалардың бірі.
Диалог кешіне Торайғыров университетінің студенттері қатысты. Оларға Алғыс айту күнінің мәні, мағынасы туралы мол ақпарат берілді. Сонымен бірге, олар Отанға, туған жерге, ата-анасына, ұстаздарына, достарына алғыс сезімдерін жеткізді.
Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез-келген шəкірт ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны». Иə, бұл мектеп мұғалімі – ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады. Кездесуде мектеп мұғалімдеріне оқушылар алғыс айтты.
Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың берекелі боп өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Халық мақалында «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп табиғаттың тамаша құбылысына теңеген екен. Әке – ұрпақ иесі, панасы, үй басшысы. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Әке – бала үшін шыңы биік асқар тау. Студенттер кездесуде әке, ана туралы өлеңдер оқып, ән шырқады.
– Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беру. Ризашылық – адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі, көңілі үшін қанағаттанушылық және алғыс білдірушілік сезім. Сол себепті бұндай іс-шаралардың өскелең ұрпақтың мейірімді, ізетті болып өсуіне тигізер ықпалы зор, – дейді музей қызметкері Жеңісбек Хадырұлы.