Ақсу қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Орталықтандырылған кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» және «Шақан Шері» романдарын оқыған оқырмандар арасында бәйге өтті.
«Кітап оқу» бәйгесі 23 сәуір – Ұлттық кітап күнінен бастау алған болатын. Кітап оқу бәйгесінің ережесіне сәйкес оқырманға Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» және «Шақан Шері» романдары ұсынылды.
Ақтық сайыстың ашылу салтанатында Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манапов сөз сөйлеп, іс-шараның мақсатына тоқталды.
– Біз бұл байқауды өткізуде қоғамда мемлекеттік тілді дәріптеу және оның қолдану аясын кеңейтуге ықпал ету арқылы тіл саясатының негізгі басымдықтарын жүзеге асыруды, кітап оқу мәдениетін дамыту және оқырман белсенділігін арттыру арқылы рухани-мәдени әлеуетті нығайтуды мақсат тұттық. Қазақ әдебиетінің классикалық және заманауи үлгілерін насихаттау арқылы ұлттық әдеби мұраны сақтау және келер ұрпаққа жеткізуді көздедік. Ең бастысы, Қазақстанның көрнекті қаламгері Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын кеңінен таныстыру, оның әдеби мұрасын терең меңгеруге жағдай жасау болды. Жастар мен ересек буын өкілдерінің кітапқа деген қызығушылығын арттыру арқылы зияткерлік әлеуетті дамыту және қоғамда оқу дағдысын қалыптастыру үшін өткен байқауға Алматы, Астана, Түркістаннан да өтінімдер келіп түсті. Бірақ, жер шалғайлығына байланысты ол жақтағы оқырмандардың келіп қатысуына мүмкіндік болмады, – деді Медығат Жанайдарұлы.
Білгірлер бәсекесінің шешуші кезеңіне Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Анел Оңалбаева және Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ақмарал Есенғожина қазылық етті.
Шешуші кезеңде үміткерлерге екі бағыт бойынша тапсырмалар беріледі. Оқырмандар, алдымен, «Көкбалақ» романы бойынша жазбаша тест тапсырмаларын орындады, одан кейін «Шақан-Шері» романы бойынша ауызша билет сұрақтарына жауап берді.
Бәйге қорытындысында «Аманат» партиясы Ертіс аудандық филиалының қызметкері Нұрсұлу Даргерхан жеңімпаз атанды. Байқау жеңімпазына – ұлттық әдебиеттің алтын қорына енген, аса құнды жинақ болып табылатын Мұхтар Мағауиннің 26 томдық толық шығармалар жинағы табысталды.