Өмірдің өзегі болып саналатын ғылым мен білімді, әдебиет пен мәдениетті көпшілік оқырманға насихаттаушы, рухани қазынамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол баға жетпес байлықты сақтаушы, кейінгіге таныстырып, табыстырушы тұлға – кітапханашы. Бүгін – нағыз еңбек адамы ретінде қоғамның бет-бейнесіне айналып, адамды адам ету жолында жанұшырып жүрген қадірлі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Олардың 4 мыңға жуығы – аталған ведомствоның қарамағында.  9,5 мыңнан астам кітапханашы 73 миллионға жуық кітапты сақтаумен айналысады. 2020-2024 жылдар аралығында көпшілік кітапхана пайдаланушыларының саны 3 миллионнан 5 миллионға дейін өскен. Электронды кітаптар мен құжаттарға жыл сайын 110 елдің пайдаланушылары жүгінеді екен. Министрлік кітапханаларды жаңғырту, оларды жабдықтау мен қорларды толықтыру жұмыстарын жалғастырып келеді. «Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана» жобасы айтарлықтай дамыды.

Елдің ертеңі үшін еңбек ететін кәсіп иелерінің мерекесінде павлодарлық кітапханашыларға мәртебелі марапаттар табысталды. Абыройы асқақтаған азаматтар қатарында С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұжымының орны ерекше. Өңірдің бас кітапханасының беделін биіктетіп жүрген мамандар талай жыл төккен терінің, еткен еңбегінің өтеуіне көңіл жұбатты.

Жоғарғы марапаттардың бірі – «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісі. Бұл атаққа ие болғандардың ішінде, облыстық кітапхананың абонемент бөлімінің басшысы Бақытжан Букашеваны оқырман жақсы таниды.

Бақытжан Тасымханқызы еңбек жолын Семей қаласындағы №17 мектеп кітапханасында бастады. 1991 жылдан Май ауылдық кітапханасында жұмыс істеді. Ал, 2012 жылы облыстық кітапханаға табан тіреді. Білікті маманның сүйікті саласында жеткен жетістігі аз емес. 2012 жылы аудандық байқаудың «Үздік кітапханашы» номинациясында жеңіске жетті. «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» атты облыстық байқауда да үздік атанды. Кітапханашы кітапты насихаттауда, оқырмандардың, әсіресе жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Оның ұйымдастыруымен «Кітапхана және өлкетану», «Оқырман ұсынады», «Отбасы ұйықтысы – ене мен келін», «Павлодарлық кітап Брайль қарпінде», «Қаламгер» және т.б. көптеген жобалар іске асты. Жас ақындарды «Өркен» поэзия клубында біріктіруде де алғырлық танытты. Академик, философ Ғарифолла Есім, павлодарлық ақын-жазушылар Арман Қани, Сүлеймен Баязитов, Шолпан Байғалы, Ақын Алақанұлымен танымдық кездесулер өткізіп, оқырмандардың есінде қаларлықтай әсер сыйлай білді. Сонымен қатар, абонемент қорына түскен жаңа кітаптарды оқырмандарға сүйіспеншілікпен насихаттауда да білгенінен жаңылған емес. Осындай кәсібилігінің жемісі ретінде Бақытжан Букашеваның кеуесіне төсбелгі тағылды.

«Жастар бағдарламаларын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің» басшысы Марал Тәженованы көпшілік жас шығармашылық иелерінің қолдаушысы әрі жанашыры деп құрметтейді. Марал Абылайханқызы облыстық кітапханада 2018 жылдан бастап қызмет етеді. Сол уақыттан бері ол өз ісіне асқан жауапкершілікпен және қызығушылықпен араласып келеді. Кәсіби маман 2019 жылы «Кітапхана – тарихи білім орталығы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырды. Ауқымды іске мұрындық болып қана қоймай, конференция материалдары жинағын, шеберлік-сыныптардың бағдарламасын құрастыруға атсалысты. Жетістіктері де жетерлік. Атап айтсақ, Қазақстан-Ресей мамандары арасындағы «ZhaStar» сайысының, Ресейдің Астрахань қаласындағы Б.Шаховский атындағы кітапхана ұйымдастырған «Әдеби гурман» байқауының жеңімпазы. «Павлодар-Астана» электропойызында ұйымдастырылған «Абай жолы» жобасына белсенді қатысты. Марал Тәженова үлкен ұжымның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Жауапты да жан-жақты маман ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы мен Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталған. Бұндай білікті маманның да мәртебелі марапатты иеленуі заңды.

Кәсіби мерекеде «Кітапхана ісінің үздіктері» де марапатталды. Облыстық кітапхананың оқу залдары бөлімінің кітапханашысы Гүлбаршын Жайсанғалиева өз ісінің нағыз шебері ретінде төсбелгі тағынды. Ол еңбек жолын Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде әдіскер болып бастады. 1987-1991 жылдары аталған кітапханада жұмыс істеді. Ал, 2004 жылдан бастап Павлодар облыстық кітапхананың оқу залының кітапханашысы болып істейді. Гүлбаршын Орынғалиқызы оқырмандарға жауапты қызмет көрсетуде, олардың сұраныстарын сапалы және уақытында орындауда және қорда орналасқан кітаптарды реттеу жұмыстарында кәсіби дағдыларын танытып келеді. Ол әрқашан көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге тырысады. «Тіл өнері – халық университеті» жобасы аясында қазақ ақын-жазушылардың шығармашылығы мен тіл тақырыбындағы іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе білді. Осындай еңбекқорлығы мен кәсібилігі оның – адамдық болмысы мен беделін айшықтап тұр.

Оқу залдары бөлімінің тағы бір кітапханашысы Айсұлу Байғабылова да – шын мәнінде кітапхана ісінің үздігі. Ол еңбек жолын 1990 жылы облыстық кітапханада бастады. Ұзақ уақыт абонемент бөлімінде қызмет етті. Ал, 2023 жылдан бастап қазіргі лауазымда жұмыс істейді. Айсұлу Ертайқызы тақырыптық дөңгелік үстелдер, әдеби кештер, әдеби конференциялар ұйымдастыруда белсенділігімен ерекшеленеді. Ол өткізген жиындар оқырмандардың көңілінен шығуда. Көптің көңілінен орын алған маман да «Кітапхана ісінің үздігі» атанды.

Қорды қалыптастыру бөлімінің кітапханашысы Қымбат Солтанбекованың мойынындағы жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Ол сол ауқымды жұмысты абыроймен атқарып келеді. Кітапханашы  2018 жылдан бастап облыстық кітапхананың оқу залында кітапханашы болып жұмыс істейді. Және де облыстық кітапхананың кәсіподақ комитетінің мүшесі. Маман оқырмандар санаты бойынша есеп жүргізеді. Кітап қорын дұрыс таңдау мақсатымен білім дәрежесіне, кәсіби қызығушылығына, жас ерекшелігіне сәйкес оқырмандардың сұраныстарын зерделейді. Олардың сұрауын жоғары дәрежеде қанағаттандыру үшін негізгі кітап сақтау қорын пайдаланады. Сонымен бірге, Қымбат Еркенқызы әдеби кештер мен оқырман конференцияларын тұрақты ұйымдастырады. Ол «Абай жолы» жобасын іске асыруға қатысты. Білікті маманның еңбегі уақытында бағаланып келеді. Ол әр жылдары республикалық, облыстық деңгейдегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. Оқырманмен тығыз қарым-қатынас жасайтын, өз ісінің жілігін шағып майын ішкен маман, кәсіби мерекесінде «Кітапхана ісінің үздігі» атанды.

Өлкетану библиографиясы және цифрлы технологиялар бөлімінің басшысы Татьяна Мұратова – өз ісіне жауапты, тәжірибелі маман. Ол облыстық кітапханада 1995 жылдан бастап жұмыс істейді. 1995-2009 жылдары оқу залының кітапханашысы болды, 2015 жылдан бастап қазіргі лауазымда қызмет атқаруда. Өлкетану әдебиеттерін насихаттау үшін көпшілік-мәдени іс-шараларды, библиографиялық шолуларды өткізуге көңіл бөледі. Әр саладағы электрондық ресурстарды толықтырады. Облыстық кітапхананың, облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Татьяна Сергеевна да өз кәсібінің үздігі ретінде мойындалып, төсбелгімен марапатталды.

Өлкетану және цифрлы технологиялар бөлімінің кітапханашысы Салтанат Жанғазинова 2006 жылдан бастап облыстық кітапханада жұмыс істейді. Ол «Павлодар облысының айтулы күндер күнтізбесі» анықтамалығының мемлекеттік тілдегі нұсқасын жасауға жауапты. Маманның біліктілігі мен білімділігінің арқасында мәдени өміріміздегі айтулы да айшықты күндер мен мерейтойлар ел есінде сақталып, дер уақытында аталып өтіп келеді. Кітапханашының осы бағыттағы ізденісіне көпшілік оқырман қауым дән риза. Сонымен бірге, ол библиографиялық, мультимедиялық құралдарды құрастырады.  Павлодар облысының мәдени өмірі туралы мониторинг жүргізеді. Жергілікті ақын-жазушылардың мерейтойлық кештерін, әдеби кездесулерді, жаңа кітаптардың тұсаукесерлерін ұйымдастырады. Осы бағыттағы белсенді жұмысын қаламгерлер қауымы да жоғары бағалайды. Салтанат Сағындыққызы «Кітапхана саласының үздігі» атанып, ұзақ жылғы еткен ересен еңбегінің толайым табысына кенелді.

Оқу залдары бөлімінің Халықаралық әдебиет секторының басшысы Айнұр Кадирова облыстық кітапханада 1996 жылдан бастап жұмыс істейді. 2017 жылдан бастап абонементтік қамтамасыз ету бөлімінде жастармен жұмыс бойынша сектор басшысы болды, 2019-2020 жылдары ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінде библиограф жұмысын атқарды. 2020 жылы оқу залдары бөлімінің өндірістік әдебиеттер секторының басшысы болды. Ал, 2021 жылдан бастап қазіргі қызметте жемісті еңбек етуде. Ол осы уақыт аралығында өзін сауатты маман, тиянақты адам ретінде танытты. Оқырмандарды тартумен, Халықаралық әдебиет залында кітапты насихаттаумен, «Кітаппен – ғаламшарда», «Қазақстан – достық бесігі» жобаларын жүзеге асырумен жүйелі түрде айналысты. Маман Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Соның нәтижесінде 20-дан астам республикалық орталықтың өкілдері кітапханадағы іс-шараларға тұрақты қатысады. Айнұр Қазболатқызы облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен, облыстық кітапхананың Құрмет грамотасымен марапатталан. Ал, кәсіби мерекесінде «Кітапхана ісінің үздігі» атанды.

Кәсіби мерекеде «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен қорды қалыптастыру бөлімінің кітапханашысы Баян Сәрсенбекова марапатталды. Ол 1987 жылы Ақсу қаласында Жаяу Мұса атындағы колледжді бітірген соң, еңбек жолын Ақсаң ауылы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып бастады. Кейін Потанин ауылдық кітапханасында жұмыс істеді. Ал, облыстық кітапханада 2012 жылдан бастап істейді. Осы уақыт ішінде ол өзінің нағыз кітапханашы екенін дәлелдеді. Кітапхана мен оқырман арасында алтын көпір бола білді.

Кітапханашылар ерен еңбегімен ақпарат кеңістігіне, жаһандық құндылықтарға, адамзаттың даналығы мен ақыл-ойына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сол арқылы оқырман қауымды таңғажайып әрі сиқырлы әлемге жетелейді. Кітапханашылар мәдени дәстүрлерді сақтауға және дамытуға үлес қосып келе жатқан ардақты жандар. Сол себепті де, олар әрқашан қастерлі де киелі орданың мәртебелі иесі әрі ізгілік пен мейірімге ұмтылған ортаның киесі болып қала бермек.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий