Павлодарлық ақын Илья Приходченко Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды.
Әдеби ортада «Илья Аргентум» атымен танымал ақын 1991 жылы Павлодар қаласында туған. Жазуға деген талпынысын 8 жасында байқатты. Ал, алғашқы өлеңдерін 17 жасында жазды. 2008 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына (қазіргі Ә.Марғұлан атындағы университет) оқуға түскен соң, павлодарлық ақын Жаңаталап Нұркеновтың жары – С.Ф.Нұркенованың әдеби үйірмесіне қабылданды. Үйірмесінің жанынан «Реверс» әдеби бірлестігі құрылғанда Илья оның белсенді мүшесі болды. «Реверс» таратылғаннан кейін, яғни, 2011 жылы әдебиетке құмар жастар «Спектр» бірлестігінің тұсауын кесті. Ол қанат жайып, 1-інші, 2-нші құрамы пайда болды. Осындай ұжымдарда белсенді болған Илья 2014 жылы «Меркурий» деп аталатын жастардың әдеби клубына жетекшілік етті. Ал, 2017 жылдың күзінде «Жаңа Меркурий» құрылды. 2019 жылдың көктемінде «Жаңа Меркурий» Инновациялық Еуразия университетінің филология және журналистика кафедрасына ауысып, аталған жоғарғы оқу орнының әдеби клубы болып жұмысын жалғастырды. 2021 жылдың күзінде жастар ұжымы М.Қанапьянов атындағы жоғарғы колледжге ауысты. Онда екі жылдай жұмыс істеп, онлайн-форматқа көшті. Студент кезінде Илья осындай қоғамдық әдеби жұмыстардың басында жүріп, белсенділік танытты.
Ол 2012 жылы бакалавр дәрежесін алса, 2014 жылы Павлодар Мемлкеттік университетін (қазіргі Торайғыров университеті) аяқтап, «Орыс филологиясының» магистрі атанды. Әр жылдары: жекеменшік оқу оралығында, Ақсу қаласына қарасты «Спутник» станциясындағы арнайы мектепте, Павлодар қаласының №36 орта мектебінде, Инновациялық Еуразия университетінде жұмыс істеді. Қазіргі уақытта М.Қанапьянов атындағы жоғарғы колледжде сабақ береді. Жұмыс істей жүріп, оқушылармен, студенттермен әдеби үйірмелер жүргізеді.
2021 жылдан бері – қазақстандық әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Кедр» журналының редакциялық ұжымының құрамында. 2022 қаңтарынан – 2023 жылдың қыркүйегіне дейін – «Простор» әдеби-көркем журналының редакторларының бірі болды. 2025 жылдың ақпанынан – Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы орыс әдебиеті кеңесінің мүшесі.
Шығармалары «Айдын», «Найзатас», «Простор», «Кедр» журналдарында жарияланып; «Нигилист», «Балтика», «Янтарных слов капель» әдеби альманахтарына; «Ертіс толқыны», «Казахстан-Россия», «Первая книга», «Июнь, шестое, Пушкин…», «Летних рифм тепло и нежность», «Дней осенних акварель», «Строчек зимних белоснежность», «Вёсен звонкая капель» сынды ұжымдық жинақтарға енген.
Илья көптеген әдеби байқаулардың жеңімпазы. Атап айтқанда: «Аңсар-2014» конкурсының «Жыл ақыны» аталымында лауреат, «Осы жазда…» әдеби байқауының «Әдеби поэтикалық репортаж» аталымында лауреат (Павлодар, 2015), А.Коштенко атындағы ХІІІ халықаралық жас ақындар байқауының «Жыл жаңалығы» аталымында дипломант (Қостанай, 2009) болды.