Жазушы, этнограф-ғалым, фольклоршы Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойына орай Шәкәрім университетінде «Сөз ғұмыр» атты республикалық байқау өтті. Сайысқа еліміздің 12 оқу орнының шәкірттері қатысып, «Зейнолла Сәнік тағылымы» атты мүшәйра, Зейнолла Сәніктің тарихи шығармаларынан көркемсөз оқу, «Сөз зергері Зейнолла Сәнік» эссе бойынша сынға түсті. Сайыс қортындысында жерлесіміз, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Рамазан Дәуренбекұлы ІІІ орынға ие болды.
Республикалық байқау аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдиманұлы «Ұлылар үндестігі (Абай-Ахмет)», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда «Соғыс жылдарындағы қазақ әдебиеті», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай «Сөйлей білу де өнер» тақырыбында дәріс оқыды.
Оқырман назарына жерлес ақын Рамазан Дәуренбекұлының өлеңін ұсынамыз:
Аспан ашулы…
жөтеліп өктем,
Алтайдың бұлты, нөсері төккен.
Ғұрыптарды іңір түнекке тіреп,
Кіріптар ғұмыр – кетеуі кеткен…
Жалғанда мынау қас-қағым бәрі,
Қазақтың көп қой асқақ ұлдары.
Баурында өскен Барқытбел таудың,
Бұлттармен ойнап асқарындағы.
Өмірге келген бекіп жұмбаққа,
Өмірден өткен жетіп шын баққа.
Ер Қабанбайдың ерлігі дарып,
Қасиет қонды жетінші ұрпаққа.
Жырымен бірге құрала мұңы,
Тар заман тұлғаны шығарады ұлы.
Алтын ғасырда мұрасы өшпес,
Зейнолла Сәнік Мүбәрәкұлы.
Заман кеткенде бектерін жалмай,
Тарпаң тағдырға кектеніп қалмай,
Есімі қалған тарих бетінде –
Тарбағатайдағы петроглифтардай.