Баянауылдық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жоламан Әйткен республикалық «Дүниеге келер әлі талай Қасым» мүшәйрасында Бас жүлдеге ие болды.
Қарағанды облысының әкімдігі, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Бөкетов университетінің Студенттер сарайында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловқа арналған республикалық жыр мүшәйрасы өтті.
Қасым Аманжолов атындағы жыр мүшәйрасынан қанат қаққан талай жас ақындарымыз қазіргі таңда елімізге танымал қаламгерлердің қатарына қосылуда. Байқау алғашқы екі жылда облыстық көлемде өтсе, 2018 жылдан бері республикалық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Осы жылдар ішінде Қасым атындағы мүшәйрада жалпы саны 400-ге жуық үміткер бақ сынады.
Биылғы әдеби байқауға қатысқан 40-тан астам үміткерден ережеге сәйкес үздік 10 үміткердің шығармалары іріктеліп алынды. Қатысушылар тарапынан Қасым Аманжоловқа арнау және еркін тақырыптағы өлеңдер ұсынылды.
Жыр додасына белгілі ақындар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының Астана филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы қазылық етті.
Жыр мүшәйрасында баянауылдық ақын Жоламан Әйткен жеңімпаз атанды. Қасым ауылының тумасы, ақын Ерік Нарын бірінші орын иегері деп танылды. Екінші орынды екі ақын: Айдын Байыс пен Мақпал Сабыр иеленді. Ал, үшінші орынды үш ақын: Ернұр Әуезхан, Балғын Апбасхан, Бақытжан Алкебаевтар еншіледі.
Оқырман назарына Жоламан Әйткеннің жеңімпаз жырларын ұсынамыз.
Күту (Қасым Аманжоловқа)
I
Мен уақытқа: «Күт!», – дедім, күтпеді шын,
Мен бақытқа: «Күт!», – дедім, бітпеді ісім.
Баяны жоқ сезімде – нүктелісің,
Сезім деген бағалы – күткені үшін.
Ай шығады кезекпен, Күнді күтіп,
Солдырып та алғанбыз гүлді күтіп.
Бұл өмірдің айналған илеуінде,
Құдай білсін, кеттік біз кімді ұмытып.
Әрбір істі күтесің, бітуі үшін,
Кешігесің тойға да, күтуі үшін.
Күткен жанның Азабы – әжіммен тең,
Күтпеген жан уақытты ұтуы шын.
Санамызда толғанған жүкті өлеңбіз,
Бір қызды ойлап жүректі жүктегенбіз.
Қол ұстасып өтеді бір бұрыштан,
Сол бір кезде сәл ғана күтпеген қыз.
Үзілген боп сезімге емешегі,
Жанарынан өкініш лебі еседі,
Кеш екенін бәрінің қайдан білсін,
Бүгін күту – ертеңнің келешегі.
Сүю үшін – жас емес, сезім көмек,
Сүю деген – өртену өзің, демек.
Сақыпжамал – жердегі жалғыз ару,
Күту үшін Қасымдай төзім керек!
II
Қасым өтті! Күрсініп қой,
Ғасырының дауылы.
Өлең деген тіршілік қой,
Бұзылмаған қалыбы.
Қасым үні – дауыл үні,
Дауыл жүгі екен ғой.
Ал, өлеңнің ауырлығы,
Қара жерден бетер ғой.
Өмір емес салмағы ауыр,
Өлең емес күрделі.
Қасым ізі қалған ауыл,
Жыр ордасы іргелі.
Дауыл, сосын, жаралды мұң,
Тыныштыққа тұндық па?!
Өлең үшін адалдығың,
Адалдығың шындыққа.
Қасым ақын, ғасыр атын,
Кірлетпеген ұққанға.
Өмір емес жасыратын,
Өлең тулап шыққанда.
Бүгін түнде қалдым жалғыз,
Қасымды іздеп сөреден.
Сенің ғана алдыңда біз,
Қарыздармыз о, Өлең!
250 шақырым өлең
Студентпін. Өмірім – жаңа, заңды,
Баянауыл деген кең дала қалды.
Ордасына білімнің еніп кеттім,
Құшақ жайып қарсы алып Қарағанды.
Студентпін. Ол кезде: Ауыл – сағым,
Деп кеткенмін білімді тауысамын.
«Ауылға қайтам, – дедім, – демалыста»,
Сонда Анамның сағынып бауырсағын.
Сол кездегі сезімдер тылсым неткен?!
Сағыныштан жүрегім дүрсілдеп пе ең?!
Қоңырау соқты Анашым:
– Қайдасың?, – деп,
– Шықтым, – дедім, – ауылға Тұрсынбекпен.*
250 шақырым – арамыз, тым
алыс емес. Әлі де барамыз мың.
Қалғып кетіп, оянсам, жеттік пе деп,
Ауданы екен Бұқардай бабамыздың.
Одан кейін – Алғабас, Кернейді асып,
(Автобустың темірі кернейді ашық.)
Сағынышты үдетіп Үміткерден,
Төрткөлден де өттік біз, “желдей “басып.
Одан кейін Сәтбаев, Теңдік келдік,
Құндыкөлде дөңгелек жөндеп бердік.
Қоңырау соқты Анашым:
– Қайдасың? – деп,
– Егіндібұлақты, Анашым, енді өткердік.
Өтті баяу автобус Қаражармен,
Қоңырау соқты Анам, балажан ең.
– Ақсаңның бұрылысын өттім, – дедім,
Автобекет. Мен қалдым шабаданмен.
Жаяулатып тез жеттім үйге кенет,
Ақ Москвич, барлығы үйде, демек.
Мауқымды бастым сол бір сағыныштан,
Ана-құшақ керемет күйге бөлеп.
…Бұл күндері есейдік, көлік міндік,
Сағыныштың азабын көріп білдік.
«Жол мұраты – жету» деп жолға шықсақ,
«Жетерміз» деп, әйтеуір, көніп, жүрдік.
Ауыл менен қаланың жолы – бағым,
Екі ортада өтуде өмір-ағын.
«Қай жерде келе жатсың, балам?», – деген,
Ана, сенің жетпейді қоңырауың.
*Тұрсынбек – Қарағанды-Баянауыл бағытындағы автобус жүргізушісі
Жапандағы жалғыз үй
Қимай-қимай қоштасқан сүйген тұрақ,
Жанға жылу бермейді киген тымақ.
Арманыңның жолына аттануға,
Жібермейді момын Ар үйден жырақ.
Жолға шықсаң, қысады көңіл-етік,
Алсаң шіркін, жүгіңді жеңіл етіп.
Жолай берген жарнама газеттерді,
Лақтырумен барады өмір өтіп.
Қайда апарып соғады өзен күлген,
Алдағанын сезімнің сезем бірден.
Жасырам деп көңілдің жұтаңдығын,
Көшелерін қаланың безендірген.
Қолдарыңнан осы ма бар келгені?
Ең ауыры өмірде – Ар өлгені.
Кейде симай кетемін кең көшеге,
Кейде қимай кетемін тар бөлмені.
Тағы алданып батады аңғал күнім,
Батса батсын алданып, таңғалды кім?!
Қалай ақтап аламыз түн баласын,
Қалай сақтап қаламыз Ар қалдығын.
Жылтырынан жалғанның көзіңді алмау –
Шынайыны пір тұтқан сезімді алдау.
Сорақысы көңілде – жалған күлу,
Сорақысы өмірде – өзіңді алдау.
Айналамыз өтірік күлген қалып,
Бір бұрышта алмаған жүлдең қалып,
Жапандағы жалғыз үй саған келдім,
Кіл тобырдан жүк артқан сүлдемді алып.