Ақсу қаласының орталық жағалауында Ұлт руханиятының темірқазығы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай рухы – ашық аспан астында» атты ауқымды мерекелік кеш өтті.
Төрт бөлімнен тұрған жаңа форматтағы танымдық шара барысында шаһарымызда тұңғыш рет Алматы қаласы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисттері мен жергілікті өнер иелері Абай әндерін, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Абай операсынан Абай, Әзім, Айдар, Ажар арияларын, Айдар мен Ажар дуэтін орындап, ақын өлеңіне жазылған Қазақстан кәсіби композиторларының ән-романстарын тарту етті.
Әлем классикалық музыкасының жауһарларын төрге оздырған театр солистері орындаған әрбір шығарма – Абай әлемінің биіктігін, оның мәңгілік мұрасының тереңдігін паш еткен музыкалық шежіреге айналды. Ақсулық жұртшылық өнер саңлақтарының орындаушылық шеберлігіне тәнті болып, қазақ руханиятының асыл қазынасына тағы бір мәрте тағзым етті.
Ұлы ақынның рухын ұлықтаған игі шараға Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов арнайы қатысып, Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, мерекелік кеште «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста… » атты Хәкімнің қара сөздерінен видео-контент жасаушылар арасында өткен республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Аталмыш сайысқа Жетісу, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Павлодар өңірінің азаматтары қатысты. Жеңімпазға байқаудың бас демеушісі – Мойылды шипажайы атынан сертификат ұсынылып, қатысушыларға құнды сыйлықтар табыс етілді.
Ақыл-ойдың Алыбы – Абай Құнанбайұлының қарасөздерінен қанат байлап, әуезді әндердің ырғағымен тербеліп отырған қала тұрғындары сөз бен саздың үйлесім тапқан рухани байланысына куә болды. Шара соңында көрермендер өнер иелеріне ақжарма тілектерін ақтарып, өнерпаздарға жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігіне алғыс білдірді. Өрелі өнердің биік үлгісі мен рухани мұраның қадірін дәріптеген мазмұнды шара Ақсу жұртшылығы үшін үлкен рухани сыйға айналғаны сөзсіз.