Биыл Ертістің Павлодар өңіріндегі қайыңды әрі астықты алқап саналатын Железин ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Бұл – үлкен белес, тарихты жаңғыртып, өткенге тағзым етер, бүгінге қуанып, болашаққа сенім артар мереке.
Шежірелі ауданның мерейлі тойына арналған іс-шаралардың мазмұны мағыналы түзіліп, жыл басынан бері жалғасын тапқанын айту керек. Оның нүктесі 6 қыркүйек күні қойылды.
Бұл күні аудан орталығындағы «Арман» спорт кешенінің сыртқы алаңына жұрт ағыла келді. Мұнда мерекелік іс-шаралардың ресми басталуы өтіп, бұқараның назарына ұлттық мәдениет пен дәстүрге ерекше мән-маңыз берілген этноауыл кешені ұсынылды. Жергілікті жұртшылықпен бірге аудан тойын тамашалауға көршілес Ертіс, Тереңкөл, Шарбақты, Павлодар, Ақсу және тағы да өзге аудан-қалалардан қонақтар арнайы келіп ортақтасты. Этноауыл кешенінде 16 киіз үй бой көтеріп, қонақтар үшін ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары, жергілікті шаруалардың еңбегімен келген өнімдер ұсынылды, сондай-ақ, олардың әрқайсысы ұлттық құндылық-дәстүрді дәріптеп, қазақы қонақжайлықтың биік өресін, халқымыздың бірлігін, татулық пен жарасымдылықтың болмысын паш етіп көрсетті.
Мерекені Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов ашып, аудан халқы мен қонақтарды құттықтады. Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хаты оқылып, аудан тұрғындарына жылы лебіз білдірілді.
Тұтас дәуірді артқа тастаған Железин ауданының даңқы әсіресе, егін шаруашылығымен кеңінен танымал. Бұл – дастарқанымызды дәммен көмкеруге ерекше үлес қосып отырған өлке.
Маңыз берер тұстың бірі – ауданның 90 жылдығы тарихи тағылым, бірлік пен мәдени мұраға арналған мереке мазмұнында жүзеге асқандығы. Қонақтар үшін әзірленген этноауыл да, ұлттық спорт сайыстары да, өнер сахнасы мен ақындар айтысы — бәрі де халыққа ұмытылмас әсер сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, бұл мереке ауданның тарихын дәріптеп, рухани жаңғыруға серпін бергендей болды.
Аудан мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық ақындар айтысы мерекенің шарықтау сәтіне айналды. Сөз додасында бас жүлде Алтай Қадырбекке бұйырса (Павлодар ауданы), I орынды Мәрес Байрон (Баянауыл), II орынды Нұрбек Бәкір, III орынды Мизан Жұмәлі иеленді. Сондай-ақ Оразбек Саяхат арнайы жүлдеге қол жеткізді. Бұл додада қатысушылардың ешқайсысы жүлдесіз қалған жоқ. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігінің арқасында тоқсан жылдық тойдың сыйына ие болып қайтты. Ақындардың әрқайсысына жүлдені Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов табыстады.
Ұлттық спорт сайыстары да жұртшылықтың делебесін қоздырып-ақ тастады. Бұл күні +90 кг санатындағы түйе балуан күресі және басқа да жарыстар өтті. Абсолютті салмақта семейлік Ерасыл Қажыбаев «түйе палуан» атанды. Бәйге, әдеттегідей, көрерменді ерекше тәнті етті.
Облыстық филармония өнерпаздары мерекелік концерт ұсынып, халықтың көңілін көтерді. Эстрадалық әндер мен ұлттық күйлер қатар шырқалды.
Мереке аясында ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, медицина ардагері Владимир Шнайдер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін алды. Сондай-ақ механизаторлар мен еңбек озаттары да құрметке бөленді.
Железинка ауданының 90 жылдығы – тарих пен дәстүрді дәріптеген, елді бірлікке үндеген ерекше мереке болды. Бұл той халықтың рухын көтеріп, ауданның болашағына жаңа серпін берді.
Асыл ӘБІШЕВ.