
Астана қаласында алғаш рет «Жас әдебиеттің көкжиегі» тақырыбында Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысына арналған жиыны өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада Жазушылар одағының 2025 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, отандық әдебиеттің қазіргі даму бағыттары мен алдағы жоспарлары жан-жақты талқыланды.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүргізді. Шара барысында Одақтың бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттарын оқып берді.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Койшиев, Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова, жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасының қатысушылары – жазушы Жақсылық Мұратбек пен ақын Азамат Әбілқайыр сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар Әзірбайжанның Халық жазушысы, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаевтың, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі, жазушы Хайриддин Сұлтанның, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтаулары бейнебайланыс арқылы тыңдалды.

Жиын аясында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы аясында шыққан 4 жаңа кітаптың, сондай-ақ «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасының аясында шыққан жас қаламгерлердің 20 кітабының тұсауы кесілді.

Бұдан бөлек, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген Қадыр Мырза-Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жазушы Төлен Әбдік өз сөзінде Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отырған мұндай жылдық қорытынды жиынның маңызын атап өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының бір жылдық жұмысына жоғары баға берді.

Ал қырғыз жазушысы Арслан Койшиев іс-шараны ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар одағына алғыс айтып, қазақстандық қаламгерлерді келер жылы өтетін Ыстықкөл халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов биыл атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, классик жазушы Төлен Әбдік пен қаламгер Қанат Әбілқайырдың кітаптарын халықаралық Букер сыйлығына ұсыну бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Ең бастысы – бұл жолы шығармаларды беделді халықаралық сыйлыққа жеке авторлар емес, Қазақстан Жазушылар одағының өзі ресми түрде ұсынбақ. Мереке Құлкеновтің айтуынша, бұл қадам – Нобель сыйлығына апарар жолдағы маңызды баспалдақ. Шынында да, қазақ әдебиетінде әлемдік деңгейдегі сыйлықтарға лайық туындылар бар. Алайда мұндай бәйгелерге ұсынылатын шығармалардың алдымен ағылшын тіліне өте жоғары деңгейде аударылып, шетелде басылып шығуы – күрделі әрі ауқымды жұмыс. Мұны жеке қаламгердің жалғыз өзі атқаруы қиын. Сондықтан бұл істі Одақтың өзі қолға алуы – уақыт талабынан туған шешім.
Сондай-ақ Одақ басшысы биыл 75 жасқа толған астаналық белгілі қаламгер, журналист Несіп Жүнісбаевты мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Жиынға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аталған жиын Қазақстан Жазушылар одағының Астанада алғаш рет өткізілген жылдық қорытынды басқосуы ретінде әдеби қауым үшін маңызды оқиғаға айналды.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі
