Баянауыл ән мектебін қалыптастырушылардың ең көрнекті өкілдерінің бірі – әнші, сазгер Жарылғапберді Жұмабайұлының 175 жылдығына орай «Атамұра» мәдениет орталығында өнер кеші ұйымдастырылды. Жиналған қауымға әуелі Павлодар облысының 100 тарихи тұлғасы топтамасына енгізіліп түсірілген «Күміс көмей әнші» деректі фильмі көрсетілді.
Деректі фильмді тамашалап, Жарылғапберді әншінің өміріне қаныққан соң, кеш жүргізушісі Жомарт Қабыкенов алғашқы сөзді бабасының мұрасын түгендеп, дәріптеп жүрген ұрпағы Құдайберген Тажмағанбетовке берді.
– Жарылғапберді бабамыз әкеден төрт ағайынды. Өзінің бел баласы болмаған. Мен ағасы Жұмағұлдан тараймын. Көп жылдар бойы Жарылғапберді әншінің аты елеусіз қалғаны қынжылтып жүргенде, 2011 жылы ақын-жазушы Сайлау Бойбосынның «Жарылғапбердінің жағасына қол салдық па?» деген танымдық мақаласы баспасөзде жарияланып, онда «Шама» әнінің әншінің мұрасы екені дәлелденді. Осы мақала серпін беріп, Қаржас ұрпақтары бас қосып, 2012 жылы 7 қазанда әнші бабамыздың мазарын көтердік. Міне, содан бері бірқатар шаруаның басын қайырдық.
Жарылғапберді есімін 2023 жылы тарихи тұлғалар тізбесіне енгізуге қол жеткіздік. Былтырғы жылдың қарашасында облыс басшылығында болып, биыл жазда Баянауылда өткізілетін мерейтой тізіміне Жарылғапберді әнші де енгізілді.
Тағы бір керемет жаңалық: жас ғалым Бауыржан Мырзақұл Санкт-Петербург кітапханасынан Жарылғапберді Жұмабайұлының «Иман мағынасы» атты кітабын көріп сүйіншіледі. Кітап 1914 жылы Орынбор баспасынан жарық көрген екен. Жарылғапберді бабамыз – қажылық парызын өтеген адам, шамасы сол жылы өмірден өткендіктен кітапты көре алмай кеткен сияқты, – деп көсіле сөйлеген Құдайберген Ыңқашұлы алдағы уақытта жүзеге асырылатын істер туралы да айта кетті.
Қазіргі уақытта «Жарылғапберді» төсбелгісі әзірленіп жатыр екен. Ең танымал «Ардақ» әніне белгі орнату да ойда бар көрінеді. Майқайың өнер мектебіне, жөндеуден өткізілген соң, Жарылғапберді атын беру мәселесі де оң шешіліпті.

«Отарқа» газетінен.

Добавить комментарий