Жамал КЕНЖЕБЕКОВА,
«Зағип және нашар көретін азаматтарға
арналған облыстық арнайы кітапхана»
КММ басшысы
Кітапхананың да адам секілді тағдыры болады. Оның да туған күні бар, тар жол-тайғақ кешкен сәттері болады, жарқ еткен кезеңі болады. Уақыттың сүзгісінен өткенде, әрбір кітапхананың қоғам алдындағы азаматтық миссиясы айқындалады. Н.Г. Мазурина айтқандай, кітапхананың өз өмірбаяны, өз жолы бар. Бұл сөзге Павлодар облыстық арнайы кітапханасының тағдырын зерделегенде көзіміз анық жетті.
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қалай құрылды?
Ол – Павлодар қаласының бір шетінде, Бестужев көшесінде орналасқан шағын фин үйінде орналасты. Пешпен жылытылатын, су мен кәріз жүйесі жоқ, бірақ ішінде рух пен үміттің оты маздаған қарапайым үй. Сол кезде бұл – №7 қалалық кітапхана еді. Бірақ 1970 жылдың қаңтарында осы қарапайым ғимаратта ерекше кітапхана жасақталды.
Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1969 жылғы 12 қарашадағы бұйрығына сәйкес, 1970 жылдың 3 қаңтарында зағип және көру қабілеті нашар жандарға арналған арнайы кітапхана өз жұмысын бастады. Ол жай ғана сықалған кітап сөрелері немесе оқу залы емес, көңілге нұр сыйлайтын рухани кеңістік еді. Қоғамдық ортада елеусіздеу көрінетін, бірақ аса маңызды әлеуметтік топтың ақпаратқа, білімге, мәдениетке қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ететін алғашқы қадам болатын.
Содан бері қаншама су ақты, қаншама уақыт өтті. Бірақ сол бір қарапайым баспалдақтардан басталған кітапхана қызметі бүгінде үлкен мәдени орталыққа айналды. Оны кітапханадан гөрі қайырым мен қамқорлықтың мекені десе болғандай. Ол – ақпарат пен ағартудың ғана емес, адамгершілік пен парасаттың орталығы.
Павлодардағы ерекше кітапхана – мемлекеттің адамға деген жанашыр көзқарасын танытатын мекеме. Жылдар бойы кітап арқылы жүректерге жол тапқан мекеме өз миссиясын абыроймен атқарып келеді. Мұны – уақыт өзі дәлелдеді.
Кез келген істің бастамасында адам тұрады. Жаңалыққа жан бітіретін де – тұлға. Павлодардағы арнайы кітапхананың алғашқы басшысы болып Татьяна Владимировна Сычева тағайындалды. Сол кезде кітапхана ұжымы – небәрі төрт-ақ адам: үш кітапханашы (соның бірі – директордың өзі) және бір еден жуушы. Бірақ бұл санаулы адамның арқалаған жүгі салмақты еді.
Ал 1973 жылдың желтоқсанында арнаулы кітапхана өзінің алғашқы тұрақты әрі лайықты мекеніне көшті. Енді ол – Рылеев көшесіндегі №13 үйде орналасқан екі қабатты кірпіш ғимараттың екінші қабатына қоныс тепті. Орталық жылу жүйесі бар, суы да, кәрізі де жүргізілген нағыз заманауи мекемеге айналды.
Осы оқиға туралы кітапхананың тұңғыш директоры Татьяна Владимировна Сычева: “Бұл жаңа тыныс, жаңа кезеңнің бастауы еді,” – деп еске алады.
Кітап – тек парақ емес. Ол – үміт. Ол – сенім. Ол – тіршілікті өзгеше түйсіну мүмкіндігі. Павлодар облыстық арнайы кітапханасының рухани қоры алғашында №7 қалалық кітапхананың кітап қорына сүйенді. Бірақ бұл руханият ордасының шынайы жүрегіне айналған «Қазақ зағиптар қоғамы» тегін табыстаған бедерлі-нүктелі (Брайль) қаріппен жазылған кітаптар болды. Дәл осы кітаптар көру қабілеті шектеулі жандар үшін арнайы әдебиеттің іргетасын қалады.
1970 жылы Екібастұздағы Қазақ зағиптар қоғамының аумақтық бастауыш ұйымы жанынан алғашқы кітап беру пункті ашылды. Ал 1973 жылы дәл осындай қызмет қазіргі Ақсу қаласында да жолға қойылды. Бұл кітапты оқырманның жүрегіне жеткізу жолындағы алғашқы қадам еді.
1972 жылдан бастап арнайы кітапхана «сөйлейтін» кітаптармен – магниттік таспаға жазылған шығармалармен толықтырыла бастады. Сол тұста кітапханашылар мен оқырмандардың қуанышында шек болған жоқ: алғашқы «Дайна» магнитофондары алынып, зағип жандар енді әдебиетті тыңдауға мүмкіндік алды. Білімге апарар тағы бір көпір салынды.
Кітапхана ісі тек кітап таратумен шектелмейді. Қажырлы еңбек пен төзімділікті, ізденіс пен кәсіпқойлықты талап етеді. Қорды толықтыру, қажетті құрал-жабдықтарды алу, жаңа оқырман тарту – бәрі де мұқият ұйымдасқан жұмыстың нәтижесі.
Көзі көрмейтін жандарға кітапты қол жетімді қылу – нақты әркетті талап етеді. Осы мақсатта мекеме стационарлық емес қызмет түрлерін – сырттай және үйге кітап жеткізу абонементтері іске қосылды. Яғни, кітапханашылар енді адамдарға өзі барды. Шынайы қамқорлықтың үлгісі осы болса керек.
1982 жылы Татьяна Владимировна Сычева зейнетке шыққан соң, кітапхана меңгерушілігін Галина Александровна Верзунова қолға алды. Ол бұл жауапты қызметті 1994 жылға дейін абыроймен атқарды. Кейін Омбы қаласына қоныс аударып, әлі күнге сол жақта тұрып жатыр.
Татьяна Сычева
1980-жылдардың орта шенінде Павлодар облыстық арнайы кітапханасы даму жолында жаңа бір белеске көтерілді. Бұл кезеңде кітап қоры, әсіресе, «сөйлейтін» кітаптардың саны күрт артты. Кітапхана сөрелері жай ғана қағаз кітаптармен емес, магниттік таспаға жазылған, дауыс арқылы сыр шертетін шығармалармен толықты.
Қорды толықтыру ісі де жүйелі жолға қойылды. «Сөйлейтін» кітаптар Алматы, Мәскеу, Киев, Минск, Кишинев, Свердловск және Қазан қалаларындағы арнайы дыбыс жазу студияларынан әкелінді. Бұл – кітапхана шекарасы бір ғана өңірмен шектелмей, бүкіл Кеңес Одағы кеңістігін қамтығанын көрсетеді.
Ал 1985–1986 жылдары кітапхана тарихындағы тағы бір маңызды оқиға – жаңа ғимараттың жобалануы жүзеге асты. Алғашқы құрылыс қадасы 1988 жылы қағылды. Сол жылы Амангелді көшесіндегі тұрғын үйге жапсарлас жаңа кітапхана ғимаратының қабырғасы бой көтерді. Бұл сәт туралы Галина Александровна Верзунова естелігінде ерекше тебіреніспен айтады:
«1988 жылы жаңа ғимараттың қабырғасы тұрғызылды – арман болған құрылыс басталды… Енді ол шындыққа айналып жатты», – дейді ол.
Сол 1988 жылы кітапхана ұжымына Наталья Григорьевна Мазурина сынды білікті маман қосылды. Кәсібіне адал, қызметіне жауапты жан ретінде ол бірнеше жыл бойы директордың міндетін атқарды, кейін кітапхана директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал 2011 жылы зейнетке шығып, руханият жолындағы ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көрді. Бірақ кітапхана жұмысынан қол үзіп кеткен жоқ. Себебі оның ізденісі мен еңбегі әлі күнге кітапхана тарихында өшпестей із қалдырды.
Наталья Мазурина
Кітапхананы сақтап қалудың күрес пен үмітке толы жолын Наталья Григорьевна Мазурина былайша еске алады:
Мен кітапханаға жұмысқа келмей тұрып-ақ, облыстың талай мекемесіне хаттар жолданып, арнайы кітапханаға кең әрі қолайлы жаңа ғимарат қажеттігі туралы мәселе бірнеше мәрте көтерілген екен. Бірақ нақты нәтиже сол бойы болмай келген. Алайда тағдыр біздің ұжымға ерекше бір сәттілік сыйлады – 1988 жылы Қазақ зағиптар қоғамының облыстық ұйымына Степан Варфоломеевич Панасюк төраға болып сайланды.
Бұл кісі – шын мәнінде, ер мінезді адам еді. Көзі көрмейтін жандарға қатысты әңгіме туындағанда «болмайды» немесе «мүмкін емес» деген сөздерге мойын ұсынбайтын. Бойындағы табандылық пен бастамашылдық нағыз қозғалтқыш күшке айналды. Ол келгелі біздің кітапханаға ғимарат алу мәселесі қайта қозғалып, жаңа серпінмен жалғасты.
1989 жылы арнайы кітапханаға жаңа ғимарат салынады деген көптен күткен қуанышты хабар жетті. Ал 1990 жылы біз сол жаңа орынға қоныс аудардық. Бұл – нағыз тарихи сәт еді.
Жаңа ғимарат кең, жарық, барлық талапқа сай салынған. Арнайы оқу залы, дыбыстық және бедерлі-нүктелі (Брайль) әдебиеттерге арналған кітап қоймасы бар. Ең бастысы толыққанды техникалық жабдықпен қамтамасыз етілді. Тіпті автокөлік те берілді. Ғимараттың орналасуы да өте ыңғайлы болды: зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнына, көзі көрмейтін жандар жиі қоныстанған тұрғын үйлерге және қоғамдық көлік аялдамаларына жақын жерден орын тепті.
Әрине, қоныс тойымыздың да өз хикаясы бар. Күліп еске аламыз – бізге көмекке бір трактор мен тіркеме ғана бөлінді. Ешқандай жүкші жоқ. Барлығын өзіміз арқалап көштік. Ол кезең – кеңестік жоспарлы экономика күйреп, нарықтық жүйе әлі орнықпаған, өтпелі дәуірдің қиын-қыстау жылдары болатын. Жалақы аз, бірақ бюджетімізде қаражат бар, дегенмен, бәріне шектеу қойылған. Осындай жағдайда да Степан Варфоломеевич тыным таппады. Қандай жолмен, қалай қол жеткізгенін білмейміз, бірақ бізге жаңа жиһаз алып берді.
Осы жылдары тағы бір үлкен қуанышымыз болды: оқырмандарымыз «Эльфа», «Протон», «Легенда» сияқты магнитофондарға қол жеткізді. Соңғы үлгідегі бұл құрылғылар кассета арқылы әдебиеттерді тыңдауға мүмкіндік берді. Аталмыш техника көру мүмкіндігінен айырылған жандар үшін әлеммен байланыс құралдары еді.
1990-шы жылдар оңай кезең емес еді. Елдегі саяси-экономикалық тұрақсыздық мәдениет саласына да салқынын тигізбей қоймады. Қаржыландыру нашарлады, жалақы кешікті, штат саны қысқартыла бастады. Соған қарамастан біз кітапхананың беделін, қоғамдағы орнын жоғалтпауға барымызды салдық. Бұл – тек кітапты сақтау емес, адамды сақтау жолындағы күрес еді.
1993 жылы директорлық қызметке Зоя Саяровна Абельдинова келді. Ол қиын, бірақ дұрыс шешім қабылдады: кеңістікті үнемдеу мақсатында ғимараттың бір бөлігін жалға беріп, тіпті кітапхананың қасиетті орны саналатын оқу залын да бос уақыттарда іс-шара өткізу үшін жалға ұсындық. Өзіміз кешке дейін сол жерде кезекшілік атқарып жүрдік. Бұл да кітапхананы сақтап қалудың амалдарының бірі болатын.
Міне, осындай күреспен, жанкештілікпен, үміт пен сенімге сүйенген еңбектің арқасында Павлодар облыстық арнайы кітапханасы бүгінде облыстағы ерекше жандарға арналған рухани орталық ретінде өз миссиясын жалғастыруда. Бұл – бір ұжымның ғана емес, тұтас қоғамның жанашырлығы мен адами мұраттарының жеңісі.
Зоя Абельдинова
Уақыт алға жылжыған сайын Павлодар облыстық арнайы кітапханасы да жаңа талаптарға бейімделіп, заман ағымына сай дамып отырды. Ең басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар жандарға кітап пен білімге апарар жолды барынша жақындату.
Осы ниетпен облыстағы барлық аудан орталықтары мен қалалардағы кітапханаларда көз жанарынан айырылған жандар үшін қолжетімді форматтағы әдебиеттерді ұсынатын арнайы кітап беру пункттері ашылды. Бұл – «кітап оқырманға өзі баруы керек» деген ізгі идеяның нақты іске асқан көрінісі.
2006 жылдан бастап арнайы кітапхана қабырғасында заманауи техникалармен жабдықталған компьютерлік сынып жұмыс істей бастады. Зағип жандар әлемінің есігін ашқандай әсерде болды. Мұнда олар компьютерлік сауаттылықты меңгеріп қана қоймай, ақпаратты арнайы техникалар арқылы тыңдай алады, мәтіндерді үлкейтілген қаріппен немесе Брайль жүйесімен басып шығара алады. Қараңғыда жол тапқандай әсер беретін бұл технологиялар – білім мен тең мүмкіндіктің нағыз құралына айналды.
2007 жылдан 2015 жылға дейін кітапхана тізгінін ұстаған Сүлейменов Ислам Қайырбекұлының басшылығы тұсында бұл жаңашыл бастамалар әрі қарай дамып, кітапхана қызметінің аясы кеңейе түсті. Жаңа технология, жаңа көзқарас, жаңа тыныс – бәрі де көзбен емес, көңілмен көретін оқырманның ыңғайына орай жасалды.
– Мен кітапханаға басшылық еткен жылдар ішінде біраз шаруа атқарылды. Ең бастысы облыстағы барлық орталық аудандық кітапханаларда мүгедектігі бар жандармен жұмыс істейтін арнайы кітапханашы бөліп беруге мұрындық болдым. Бұл ерекше санаттағы азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды жұмыс еді. Сонымен қатар, шығармашыл оқырмандарымызбен бірге концерттік бағдарламалар әзірлеп, өңірлерге тұрақты түрде шығып тұрдық. Ол жерде тек өнер көрсетіп қана қоймай, әртүрлі тақырыптағы семинарлар да ұйымдастырдық.
Республикалық Зағиптар кітапханасы өткізетін байқаулар мен мәдени шараларға тұрақты қатыстық. Жүлдесіз қайтқан кезіміз сирек болды. Бұл – ұжымдағы еңбек пен ынтымақтың нәтижесі.
Айына бір-екі рет жергілікті радиодан эфирге шығып отырдық. Кітапхананың 40 жылдық мерейтойына орай республикалық семинарды өзіміздің базамызда өткізуге қол жеткіздік. Тағы бір айтарым – біз оқырмандарымыздың шығармашылығын жинақтап, арнайы жинақтар шығарып отырдық. Ол жинақтардың тұсаукесерін де жасап, авторларға ерекше көңіл бөліп отырдық.
Бүгінде Павлодар облыстық арнайы кітапханасы – республикадағы алдыңғы қатарлы кітапханалардың бірі ретінде танылып отыр. Бұл – мен үшін ғана емес, осы салаға үлес қосқан барша әріптестерім үшін зор мақтаныш, – дейді Ислям Сүлейменов.
Ислям Сүлейменов
2009 жылдан бастап Павлодар облыстық арнайы кітапханасы облыстық радиода «Шамшырақ» атты авторлық радиобағдарламаны тұрақты түрде эфирге шығара бастады. Ай сайын тыңдарманмен қауышатын бұл бағдарлама – көру қабілеті шектеулі жандардың шығармашылығын насихаттауға және қоғамды ерекше жандардың өмірі мен жетістіктерімен таныстыруға бағытталған рухани алаңға айналды.
Ал 2015 жылдан бері кітапхана тізгінін ұстаған Кенжебекова Жамал Қиянқызының басшылығымен мекеме жаңа даму кезеңіне өтті. Заманауи трендтер мен инклюзивті мәдениетті ұштастырған тың бастамалар жүзеге аса бастады.
2018 жылы арнайы кітапханалар арасында алғашқылардың бірі болып, коворкинг орталығы ашылды. Мұнда пайдаланушыларға жайлы әрі еркін орта қалыптастырылып, шағын форматтағы әдеби, мәдени, танымдық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл – кітапхананың тек ақпарат көзі ғана емес, ортақ идея, шығармашылық, демалыс алаңы екенін айқын көрсететін жоба.
Сол жылы тағы бір үлкен жаңалық – «Жан Алауы» атты дыбыс жазу студиясының ашылуы болды. Бұл студияның басты мақсаты – бедерсіз баспа өнімдерін аудио форматқа көшіру. Әсіресе, Павлодар өңірінен шыққан танымал қаламгерлердің шығармалары мемлекеттік тілде дыбысталып, арнайы тыңдаушыларға қолжетімді бола бастады.
Бүгінде студия қоры қырыққа жуық аудиокітапты қамтиды. Кітаптарды дыбыстауға театр әртістері, ақындар, қаламгерлер, шығармашылық зиялуы қауым өкілдері, тіпті, авторлардың өздері де қатысады.
Айрықша атап өтерлігі студия инклюзивті жобаларды да жүзеге асырып, көз жанарынан айырылған балаларды тарту арқылы оларды шығармашылық үдеріске белсенді араластырып отыр.
Заңды әрі әділ жұмыс жүргізу мақсатында студия бірқатар танымал қаламгерлер мен олардың мұрагерлерімен авторлық келісімшарттар жасасты. Атап айтқанда: Б. Соқпақбаевтың қызымен, Т. Әлімқұловтың жарымен, Ж. Нәжімеденовтің қызымен, жазушылар Т. Әбдік және Б. Қанапияновпен, т.б.
Ең басты мақтаныш – Мұзафар Әлімбаевтың балалары Павлодар облыстық арнайы кітапханасымен эксклюзивті авторлық келісімшартқа қол қоюы арқылы «Өскеніңді ел көрсін» атты шығармасын дыбыстауға рұқсат алған республикадағы жалғыз мекеме болып отыр. Бұл – ұжымға артылған үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Павлодардағы руханият ордасы бүгінгі таңда ақпараттық инклюзияның үлгісіне айналған бірден-бір кітапхана десек, артық айтқандық емес.
2020 жылы Павлодар облыстық арнайы кітапханасы жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Пандемияның қиын-қыстау кезеңінде халықаралық онлайн семинар ұйымдастырылып, оған Ресей, Беларусь және еліміздің әр өңірінен әріптестеріміз қатысты.
2021 жылы біздің кітапхана ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткізген «Рухани қазына – 2021» республикалық байқауында жеңіске жетіп, Қазақстандағы ең үздік арнайы кітапхана болып танылды: диплом және бір миллион теңге сыйлыққа ие болды.
Бүгінде кітапхана 55 жасқа толып отыр. Осы уақыт ішінде Павлодар облыстық арнайы кітапханасы тек зағип және нашар көретін азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әлеуметтік бейімделуі, білім алуы мен мәдени-демалыс қажеттіліктерін қамтамасыз ететін маңызды орталыққа айналды. Кітапхананың басты міндеті – көру мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз ақпарат беру және оларды қоғамға толыққанды интеграциялау үшін жағдай жасау.
Қазіргі таңда кітапханада әртүрлі форматтағы бірегей кітаптар мен материалдар сақталған: баспа кітаптар, Брайль қарпімен жазылған туындылар, аудиокітаптар, электронды құрылғылар, кассеталар, рулондар, грампластинкалар және дискілер.
Осы қызметтің арқасында Павлодар облыстық арнайы кітапханасы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың рухани әлемін байытып, олардың қоғамдағы орнын нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Павлодар облыстық арнайы кітапханасының жұмысындағы ең ізгі бағыттардың бірі – балалармен жүргізілетін жүйелі жұмыс. Бұл бағыттағы қызмет тек оқыту емес, жанға жылу, санаға сәуле себу. Кітапхана қызметкерлері ерекше қамқорлықты қажет ететін бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге рухани қолдау көрсетуді басты мұрат еткен.
Біздің тұрақты балғын оқырмандарымыз – №82 арнайы балабақшаның тәрбиеленушілері, №7 көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары, сондай-ақ кітапханаға жақын маңда тұратын балалар мен оқырмандардың ұл-қыздары.
Көру мүмкіндігі шектеулі әрі дамуында күрделі ерекшелігі бар балаларға арнап, түрлі шығармашылық және арнайы педагогикалық жобалар қолға алынған. Бұл жобалардың ерекшелігі – баланың көру, есту, сезу, түйсік секілді барлық қабылдау арнасын қамтитын, яғни полисезімдік тәсілдерге негізделгені. Мұндай әдіс балалардың әлемді жүрекпен сезінуіне, ішкі мүмкіндіктерін ашуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, мәдени демалыс дағдысын қалыптастыру – кітапхана ұжымының күнделікті жұмысының өзегіне айналған.
Кітапхана тек оқу ордасы емес, ақпарат таратып, қоғамға ой тастайтын алаң ретінде де белсенді жұмыс істеп келеді. Әсіресе инклюзивті бағыттағы ерекше жобаларымызды БАҚ арқылы кеңінен таныстыруға басымдық береміз. Жергілікті және республикалық басылымдарда, әлеуметтік желілерде жүйелі түрде мақалалар жарияланып, кітапхананың тыныс-тіршілігімен жұртшылық кеңінен танысып отыр.
Уақыт өте келе кітапхана тек Павлодар өңірінде ғана емес, еліміздің өзге аймақтарында, тіпті шет мемлекеттерде де өзінің сенімді серіктестері мен шығармашылық әріптестерін тапты. Бұл – руханият жолындағы ортақ еңбек пен ұмтылыстың жемісі.
Арнайы кітапхананың есігі баршаға айқара ашық. Мұнда жас та, жасамыс та келіп, рухани жаңғырып, бір сәт дем алып қайтады. Уақыт өте келе бұл орын көру қабілеті шектеулі жандар үшін жай кітапхана емес, жан тыныштығын табатын екінші үйге айналды.
Оқырмандардың арасында әдебиет пен өнерге жақын жандар көп. Олар үшін қызығушылыққа негізделген клубтар жұмыс істейді, әдеби-музыкалық кештер, ақпараттық сағаттар, арнайы түсініктемемен берілетін фильм көрсетілімдері өткізіледі. Сонымен қатар, танымал тұлғалармен кездесулер, өнер кештері, шығармашылық байқаулар, зияткерлік сайыстар жиі ұйымдастырылады.
Кітапхана – тек білім ошағы емес, ол – жан дүниені жаңғыртатын кеңістік. Біз әр оқырманның шығармашылық әлеуетін ашуға, өзіндік «менін» табуға, өмірге сеніммен қарауға сеп болғымыз келеді.
Оқырмандарымыздың жетістігі – біздің еңбегіміздің шынайы нәтижесі. Ал сол жетістіктер жаңа ізденіске, тың бастамаларға жол ашады…