Ақсу қаласының тұрғындары қазақ руханиятына тың серпін беріп, ұлттық өнердің өрісін кеңейткен әсерлі кештің куәсі болды. Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында өткен «Жай қоңыр-ғұмыр» атты республикалық өнер фестивалі – қазақтың көрнекті театр және өнер қайраткері, сахна саңлағы, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» Хасен Байырмановтың 120 жылдық мерейтойына арналған тағылымды шара. Ақсу топырағында дүниеге келіп, ұлттық сахна өнерінің алтын қорына есімі өшпестей жазылған өнер тарланының рухымен қайта табысқан бұл өнер мерекесі көрерменнің көңіл пернесін шертіп, жүрек төріне қоңыр әуеннің жылуын құйды.

Кеш шымылдығы театрландырылған көрініспен түріліп, қазақ өнерінің тамырлы тарихын сахна төрінде қайта тірілткендей әсер қалдырды. Жүргізуші Алтынбек Мұқышевтің тебіреністі сөздері Хасен Байырмановтың тағдырлы ғұмырын, өнердегі өрісін, адамдық болмысын, халқына сыйлаған қасиетті өнерін көрерменге тағы бір мәрте кеңінен паш етті. Құркөл ауылында туып, жоқшылықтың жүгін ерте арқалап, бай есігінде жалшы болып жүріп-ақ бойындағы табиғи талантын жоғалтпаған, өнерге деген махаббатын өшірмеген бозбаланың өмір жолы – қазақ рухының қайсарлығы мен өр мінезінің айқын айғағы екені көрерменге ерекше әсермен жеткізілді.

Ауылдағы шағын «Ойын-сауық» үйірмесінен басталған өнер жолы Павлодардың көркемөнерпаздар сахнасында ширығып, Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік театрында шарықтап, Мәскеудің шығармашылық ордаларында тереңдеген Хасен Байырманов тұлғасын осы кеш бір сәтке болса да көрермен жадында қайта жаңғыртты. Естайдың «Жай қоңырын» өзіне ғана тән қоңыр үнмен орындап, халқымыздың ән өнеріне өзіндік өрнек қалдырған Хасен Байырмановтың бейнесі сахнада қалың көпшілікке рух сыйлағандай болды.

Фестивальдің алғашқы әні – Исаның «Желдірмесі» – дәл осы мерейтой иесінің архивтік жазбасымен басталып, республикалық конкурстардың жеңімпазы Сәкен Әлімханның орындауында жалғасын тапты. Ұлттық өнердің тұнығын шайқамай, дәстүрлі сахна мәнерін сақтаған әнші осы кештің қуатын айрықша арттырды.

Сахна төрін жалғаған Мағжан Ысқақтың орындауындағы Байғабыл Жылқыбайұлының «Домбырасы» Ақсу өңірінің рухани тамырынан сыр шертіп, көрерменді қазақтың қара домбырасының қасиетті тілімен қайта қауыштырды. Байғабыл Жылқыбаев атындағы дәстүрлі ән үйірмесінің жас өнерпаздары орындаған «Ақ бұлақ» әні — ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқанын айқын көрсеткен әсерлі сәттердің бірі болды.

Жетісу ән мектебінің жұлдызды өкілі Нұржан Жанпейісовтің «Баянауыл» және «Қоңыр қаз» әндері – қазақ ән өнерінің кең тынысын, жүрек тербейтін табиғи лиризмін паш етті. Ал республикалық байқаулардың лауреаты Жайдар Шұнанұлы орындаған Құдайберген Әлсейітовтің Желдірмесі — желдірме жанрындағы дәстүрлі мектептер сабақтастығының тағы бір жарқын мысалы болды.

Фестивальдің ең әсерлі тұстарының бірі – мерейтой иесі туралы арнайы түсірілген деректі фильмнің көрсетілімі. Семей шаһарында түсірілген бұл бейнефильм Хасен Байырмановтың өмір жолын, шығармашылық жетістіктерін, қазақ мәдениеті мен сахна өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегін көрерменге жаңа қырынан көрсетті.

Кештің «Жай қоңыр-ғұмыр» деген атауы Естайдың «Жай қоңыр» әнін Хасен Байырмановтың ерекше орындауымен тығыз байланысты екені белгілі. Сол өнер мұрасын бүгінгі күні дәріптеп жүрген, сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері Ербол Айтбаев осы әнді қоңыр әуеннің табиғи иірімдерімен нақышына келтіре орындап, көрерменді терең мұң мен әсем әуезге бөлеп кетті.

Одан әрі сахнаның сәнін күй өнері келтірді. Сәрсенғали Жүзбайдың Сүгірдің «Кертолғауын» орындауы – қазақ күйінің асқақ рухын аспандатты. Жансұлтан Мұсахан, Архат Қайратов, Әділет Сейітов, Салтанат Қисатова сынды өнерпаздардың домбыра, қобыз, сыбызғы, баянға кезек берген орындауларында халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен күй тілінің тылсым тынысы сезілді.

Кештің шарықтау шегінің бірі – Толғанбай Сембаевтың «Жан ерке» және Абайдың «Көзімнің қарасын» орындауы болса, соңғы сәттерде Естайдың «Қорланын» әуелетіп, халық әні «Сәулем-айды» шырқаған Дәуренбек Сләмғалидің өнері көрерменді ерекше толқытып, кештің көркемдік биігін айқындай түсті.

Ақсу төрінде өткен бұл өнер мерекесі – дәстүр мен жаңашылдықтың жарасымды үндестігі, өнер мен руханияттың терең қабысқан сәті ретінде ел жадында қалары сөзсіз. «Жай қоңыр-ғұмыр» фестивалі – Хасен Байырмановтай алып тұлғаның рухына тағзым етіп қана қоймай, қазақтың төл өнерінің тағылымын, дәстүрінің үзілмес желісін, ұлттық болмысының асқақ үні мен көркемдігін дәріптеген кеш болды.

Бұл кеш – өткеннің сарынын бүгінгі ұрпаққа жеткізген, өнердің мәңгілік екенін айшықтаған, ұлттық өнерді ұлықтаудың жарқын үлгісі. Ақсу аспанында қалықтаған қоңыр әуен – қазақ рухының мәңгі жырын жалғап, халық жүрегіне сәуле шашып тұр.

 

Алмас АҚТАС.

Добавить комментарий