Ертіс ауданында Ертіс ауданының құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын, жазушы, өлкетанушы, Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген мәдениет Қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисті Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдығына арналған шаралар өтті.

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақындығымен елге танылған тұлғаның тойы ақындар мүшәйрасымен басталды. Cөз жарысына ақындар үш өлеңнен ұсынды. Қазылар алқасының шешімі бойынша 3-орынды жас ақын Еркебұлан Тіленіш еншілесе, 2-орынды Рауан Қайдар иеленді. Ал, 1-орынды Бақберген Дариға жеңіп алды.

Тойдың екінші күні ресми іс-шаралар, ақындар айтысы мен спорттық жарыстарға ұласты.

Аудан орталығындағы балалар өнер мектебінің ғимаратына ақынның мемориалдық тақтасы орнатылды. Алдағы уақытта осы мектепке Мүбәрәк Жаманбалиновтың есімін беру жоспарланған.

  • Ардақты ағамыздың Ертіс ауданы үшін атқарған еңбегі орасан. Мүбәрәк Кәрімұлы Ертіс ауданында құрылған қазақ тілі қоғамының алғашқы төрағасы ретінде аудан аумағының жер, су, елді мекен аттарының ежелгі атауларын  қайтару үшін өлшеусіз еңбек етті. Ауданның екі ғасырлық тарихын терең зерттеп, есімдері ел есінде қалған игі жақсы туралы «Әйгілі ауданым – Ертісім» атты үш кітапты ұрпағына мирас етіп қалдырды, – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов.

Аудандық мәдениет үйінде жалғасқан шарада ақынның «Өсиет» кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Кітаптың тұсауын Торайғыров университетінің профессоры, ақын, жазушы Серік Елікбай, облыстық Журналистер одағының төрағасы Болат Аманбай және ардагер журналист Ғалия Балтабай кесті.

Сондай-ақ спортшылар қазақ күресі, қол күрес, гір тасын көтеруден сынға түсті. Қазақ күресінен Ертіс ауданының палуаны Әлихан Айтжанов бірінші орынға ие болды. Қол күрестен 90 келіге дейінгі салмақта Адам Некрытов жеңсе, 90+ салмақта Дамир Шаяхмет бірінші болды. Ал, гір тасын көтеруден 90 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Ақылбек жеңімпаз болса, 90+ салмақта Арман Жетпіс қарсылас шақ келтірмеді.

Айта кетейік, Мүбәрәк Жаманбалинов 1924 жылы 7 қарашада Павлодар облысындағы Тәттімбет ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ресейдің Новосібір өңірінде өтеді. Орта дәрежелі агрономдық білім алып, учаскелік агроном болып істеді. Содан соң Омбы орыс-қазақ педучилищесін бітіріп, ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етеді. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің Ертіс ауданындағы меншікті тілшісі болған. «Айна бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1956 жылы жарық көрді. Өлеңдері қырғыз, түркімен, өзбек, латын тілдеріне аударылған.

Добавить комментарий