Республика күні қарсаңында Екібастұз қаласындағы «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында жаңа жобаның тұсауы кесілді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерді ардақтау, оларға тағзым ету мақсатында дайындалған аудиожинақ көпшілік назарына ұсынылды.

Жоба тұсаукесеріне қала әкімі Аян Бейсекин, ардагерлер, мектеп басшылары мен ұстаздар, сондай-ақ, шығармашылық қауым өкілдері қатысты.

Жеңістің 80 жылдығына арналған мәдени жобаның авторы – журналист-диктор, Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйінің директоры Елдос Төлеубаев. Ақын, журналист, «Айқара» порталының бас редакторы Асыл Әбішев аудиожинақтың мәтіндерін үйлестіріп, өлеңдерін жазды.

Салтанатты шарада қала әкімі Аян Уахитұлы сөз алып, жобаның маңыздылығына тоқталды:

– Аудиожинақта осы өңірден соғысқа аттанған, оралмаған азаматтар туралы деректер қамтылған. Бұл – мұражайлар мен мектептер үшін құнды дүние. Осындай жобалар арқылы келер ұрпақ батырларымыздың ерлігін терең танып, тарихымызды бағалайды. Тарихи жадымызды жаңғыртқан жоба авторына алғыс айтамыз, – деді қала басшысы.

Бұдан кейін сөз кезегі жобаның авторлары — Елдос Төлеубаев пен Асыл Әбішке берілді. Елдос Төлеубаев өз кезегінде жобаның идеясы мен мақсаты жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, материалдарды жинауға көмек көрсеткен «Отарқа» газеті редакциясының, журналист Жассерік Сәдуақасовтың, қаламгер Жұмағали Қоғабаевтың еңбегін атап өтті.

– Батыр Бауыржан Момышұлы «Мен істеді дегенше, мың істеді десейші. Ер істеді дегенше, ел істеді десейші» деген екен. Ел болып қолға алған идеологиялық бағыттағы жұмысқа қала әкімінің зор қолдау көрсетуі айрықша қуантады, – деді Асыл Әбіш өз кезегінде.

Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысының батыры Талғат Бигелдиновке арналған аудиожазба тыңдалды. Диктордың әсерлі дауысы мен мазмұнды мәтінге тыңдармандар оң баға берді.

Жоба аясында дайындалған аудиожинақтар жазылған флэшкалар мектеп басшылары мен ардагерлерге табыс етілді. Осылайша, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған туынды көпшілік қауымға жол тартты.

Жиында ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов пен ардагер ұстаз Гүлбаршын Сейітова сөз сөйледі. Гүлбаршын Арқалыққызы жеңіс тақырыбына арналған жүрекжарды өлеңін оқыды.

 

«Отарқа-ақапарат»

Добавить комментарий