Кеншілер шаһары Екібастұз қаласында Қосым Пішенбайұлының 180 жылдығына арналған «Тастың тілін түсінген» ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды.

21 тамыз күні «Атамұра» мәдениет орталығында қазақ халқының мақтанышы, әйгілі кен танушы және тұңғыш геолог Қосым Пішенбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Тастың тілін түсінген» атты ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйра Қосым бабамыздың еліне сіңірген еңбегі мен ұлы тұлғалық қасиеттерін дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды.

Кештің құрметті қонақтары арасында Қосым Пішенбаевпен бір туысқан Есімбайдың ұрпағы Амантай аға да болды. Ол бабасының өмірінен сыр шертіп, оның геология саласына қосқан елеулі үлесі туралы баяндап, жас ұрпаққа өнеге боларлықтай мәліметтер ұсынды.

Бұдан кейін кештің негізгі бөлігі – ақындар мүшәйрасына ұласты. Мүшәйраға өңіріміздің танымал ақындары, оның ішінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының лауреаты Ерболат Әміренов, Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан, белгілі айтыс ақыны Рауан Қайдар және т.б. қатысты. Ақындар Қосым Пішенбайұлының өмірі мен еңбегін жырға қосып, өздерінің жүректен шыққан туындыларын сахна төрінде орындады.

Марапаттау рәсімінде «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева мен қазылар алқасының мүшесі ақын Жұмағали Қоғабаев жеңімпаздарды құттықтады. Мүшәйрада жүлделі орындарды иеленген ақындар Самал Сәрсенбекова (ІІІ орын), Ерболат Әміренов (ІІ орын), Рауан Қайдаров (І орын) және Бас жүлдені иеленген Айбек Оралхан өздерінің лайықты марапаттарына ие болды.

Бұл күн Қосым Пішенбайұлының есімі тарихта мәңгі қалатындығын, оның ерен еңбегі мен өмірлік өнегесі қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Добавить комментарий