Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты марқұм Арман Қанидың «Егіз әуен, екі жұрт» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Маликова Айгүл Қайыртасқызы және мәдениет, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Тауасқан, ақынның ұстазы, сынып жетекшісі Ғазиза Рамазанқызы, жергілікті ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, студенттер мен оқырмандар қатысты. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Алпысбай Хонж жүргізді.
Әдеби кеш барысында ақынның өмір жолы, шығармашылығы, қазақ әдебиетіне қосқан еңбегі жайлы, қоғамдық-рухани бағыттағы қызметі туралы Ғазиза Рамазанқызы,
ардагер журналист Ғалия Балтабай, жазушы Жұмағали Қоғабай, публицист Асыл Әбіш баяндады.
Ақынның шығармаларынан үзінділер оқылып, естеліктер айтылды, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екені атап өтілді.
Ақынның өмірі мен шығармашылық жолы күреске толы болды. Ол 1969 жылы 9-сыныпта оқып жүргенде «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйым құрып, кеңес саясатына қарсы бағыттағы өлеңдер жазды. Сол үшін 1970 жылы оқудан шығарылып, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауына алынды. Дегенмен, ақындыққа деген құштарлығы оны тоқтата алған жоқ. 1980 жылдары ғана өлеңдері баспасөз беттерінде жариялана бастады. Кейінірек оның шығармашылығына Жұмекен Нәжімеденов, Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев сынды ақындар жоғары баға беріп, шығармашылығын қолдады.
Бүгінде Арман Қанидың он төрт жыр жинағы жарық көрген. «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды тұман», «Сен және мен», «Баянауыл жырлары», «Кереку жырлары», «Замандастар» секілді жинақтары – қазақ әдебиетінің құнды қазыналары.
– қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ерекше ақын. Оның өлеңдері шынайы сезім мен өткір ойдың үйлесімі арқылы оқырманның жүрегіне жол табады. Ақынның жаңа кітабы – оның көп жылғы шығармашылығының жемісі. Бұл жинаққа әр жылдары жазылған таңдаулы өлеңдері енген. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітап оқырмандардың қызығушылығын тудырып, көпшіліктің сұранысына ие болды.
Алғашқы құттықтау сөз Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Қайыртасқызы Мәліковаға берілді. Ол өз сөзінде ақынның қазақ әдебиетіндегі орны мен еңбегін жоғары бағалап, шығармашылығының жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін айтты.
«Арман Қани – еркін ойдың ақыны. Ол – қазақ әдебиеті мен журналистикасына үлкен үлес қосқан тұлға. Ол өз шығармаларында ұлттық рухты, халықтың әлеуметтік мәселелерін көтеріп, өткір тақырыптарға қалам тербеді», – деді Айгүл Қайыртасқызы.
Кітаптың тұсауын кесу құрметі ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлына және ақынның жары Бақыт Көпейқызына бұйырды.
Тұсаукесерге ақынның қаламдастары, әріптестері, ізбасарлары мен әдебиетсүйер қауым көп жиналды. Жарқынбек Амантайұлы оның шығармашылығына тоқталып, оның поэзиядағы ерекше орны жайлы пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия оқушылары, ақынның ұрпақтары: Бастеми Алуа мен Ернар Арман, жас ақын Абзал Рымбек ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
«Арман ағамыз – Ертіс-Баян өңірінің ғана емес, тұтас Алаш жұртының ортақ тұлғасы. Өмір жолы – өнеге, еңбегі – мұра. Оның тағылымын көріп, тәлімін тергендердің бірі екенімді мақтан етемін. Еске алу шарасына аймақ басшылығы, Арман ағамыздың жары Бақыт апай мен туған-туыстары, зиялы қауым, жас қаламгерлер қатысып, жылы лебіздерін білдіргені өте орынды. Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездескенде “Арман Қани оқуларын” өткізу туралы ұсыныс айтқан едім. Бұл бастама министрлік тарапынан қолдау тапты. Жақын уақытта ережесі бекітіледі», – деді Жарқынбек Амантайұлы.
Арман Қанидың «Егіз әуен, екі жұрт» атты жыр жинағы қазақ поэзиясына қосылған тағы бір құнды мұра. Бұл кеш ақынның шығармашылығына арналған үлкен тағзым іспетті болды. Оның поэзиясы – еркіндік пен әділеттілікті жырлаған рухты туындылар. Жиын соңында қатысушылар ақынның шығармашылығы жайлы көрмені тамашалады, әдеби кеш ерекше әсер қалдырды.