«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» «Дәуірдің дархан дариясы: Мәшһүр Жүсіп» деректі фильмін көрермен назарына ұсынды.
Фильмнің тұсаукесер көрсетілімі Баянауылда өтті. «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың идеясымен жарыққа шыққан фильм баянауылдық көзіқарақты қауымның көңілінен шықты. Фильмнің авторы Назгүл Әбутұрапова әулие өмірінің әр кезеңін дәйекті деректермен айшықтап, мазмұнды бейнелермен көркемдей білген. Фильмде Мәшһүр Жүсіптің бейнесін Нұрберген Нұржанов сомдады.
Деректі фильмде «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қорының президенті, Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Ертай Қуандықұлы, философия ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі Ғарифолла Есім, заңгер, аталас ағайыны Қасымтай Нұржанов, филология ғылымдарының кандидаты, мәшһүртанушы Серік Елікбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Нартай Қуандықұлы ғұламаның өмірі, ғибраты, мұрасы туралы баяндайды.
Көрсетілімнен кейін Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев сөз сөйлеп, түсірілім тобына алғыс білдірді:
– Алыптардың туған жерінде алғаш рет көрерменге ұсынылып отырған деректі фильм елдің, жердің тарихын, данышпандардың өмірін лайықты суреттеді. Еліміздің ұлы тұлғалары мен тарихқа құрмет көрсетіп, халық мұрасын мәңгілік етуге тырысқан Зауытбек Тұрысбековке алғыс білдіремін. Көрерменнің көңілінен шығып, тарих қатпарында мәңгілік қалар фильм боларына сенемін, – деді ол.