ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына құжаттар қабылдау басталғанын хабарлады.
Конкурсқа 35 жасқа дейінгі, мәдениет, ғылым, медиа және спортта жетістіктері бар қазақстандықтар қатыса алады. Олар – халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен үміткерлер.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ұсынылады.
Байқау 10 номинация бойынша өтеді:
«Әдебиет»,
«Ғылым»,
«Дизайн және бейнелеу өнері»,
«Журналистика»,
«Классикалық музыка»,
«Креативті бастамалар»,
«Спорт»,
«Театр және кино»,
«Эстрада»,
«Халық шығармашылығы».
Креативті бастамаларға – ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы бағытында, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қайырымдылық, волонтерлік қызмет салаларындағы жастардың жетістіктері жатады.
«Дарын» жастар сыйлығына үміткерлерді мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер ұсынады.
Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.
Жыл сайын сыйлықты табыстау Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында өткізіледі.
«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы дарынды жастарды ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызмет, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалған. Содан бері аталған сыйлықты түрлі саладағы 340-тан астам азамат иеленді.
Конкурсқа қатысуға құжаттар 2024 жылғы 17 қарашаға дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті (қағаз нұсқада) мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Мәнгілік ел даңғылы 10, «Министрліктер үйі» ғимаратында (14-кіреберіс) қабылдайды. Ал электрондық нұсқаны premiya.daryn@mki.gov.kz поштасына жолдауға болады. Байланыс номерлері: 8(7172) 74-05-25, 8(7172) 74-18-43, 8 701 170 46 54.
Ережелермен толығырақ келесі сілтеме бойынша танысуға болады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/721958?lang=kk