С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Баяу оқу» халықаралық әдеби жобасы аяқталды. Жоба аясында қатысушылар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасын оқып, талқылады. Жоба тек кітап оқу ғана емес, әртүрлі жастағы, кәсібі мен елі бөлек адамдарды біріктірген нағыз мәдени сұхбат алаңына айналды.

Жоба барысында поэманы оқу мен талқылауға мектеп оқушылары, Торайғыров университеті мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері; Қазақстан (С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы) және Ресей (Новосібір облысы, Қарасуық муниципалды округінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі; Хабаровск өлкесі, Совет-Гаван муниципалды ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі) кітапханаларының қызметкерлері; Павлодар және Ақсу қалаларының мектеп мұғалімдері; ғалымдар мен әдебиеттанушылар (Торайғыров университеті, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті, Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институты) және терең ойлы әдебиетті бағалайтын оқырман қатысты.

Әр қатысушы ақынның жыр жолдарын өзінше сезініп, бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпаған терең мағыналарды ашты. Талқылауларда шығармада көтерілген тұлғаның тағдыры, жол таңдауы, рухани ізденісі туралы ой қозғалды.

Жобаның ерекше сәттерінің бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенттерінің музыкалық нөмірлермен онлайн қосылуы болды. Олар поэманың көркемдік болмысын тірі әуенмен үйлесімді толықтырды.

Бұл жоба классикалық әдебиеттің адамдарды біріктіріп, шабыттандырып, саналы сұхбатқа жетелей алатынының жарқын үлгісіне айналды.

Добавить комментарий