«Отарқа» газетінің редакторы, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жанаргүл Қадырованың жаңа кітабы жарыққа шықты. 400 дана таралыммен басылып шыққан «Баянның батыр ұлдары» атты кітап тарихқа «Ұлы Отан соғысы» деген атпен жазылған ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан сарбаздар өмірінен сыр шертеді.
Отансүйгіштіктің, ерліктің дастаны деуге тұрарлық бұл кітаптың шығуына әр жылдары «Отарқа» газетінде жарық көрген материалдар арқау болғанын атап өту ләзім.
— 2015 жылы «Отарқа» газетінің сол кездегі редакторы Жассерік Сәдуақас лездемеде: «Жанаргүл, Жеңістің 70 жылдығына қатысты материалдарды саған жүктейін», — деді. Содан бастап өзімше ізденіп, мақалаларды әзірлеуде негізінен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі орталық архивінің электронды базасына жүгіндім. Көптеген материалдардың жазылуына мені арнайы іздеп келіп, мәліметтер мен фотосуреттер әкеп берген адамдар себеп болды, олардың көбі — майдангерлердің ұрпақтары. Кітап кейіпкерлерінің денін соғысқа менің туған ауылымнан аттанған майдангерлер құрайды, десе де олардың көпшілігінің ұрпақтары бүгінде Екібастұз қаласында тұрады. 9 мамырда әркім әлеуметтік желі арқылы майдангер атасын насихаттап жатады, бірақ бір ауылдың сарбаздары бір жинаққа шоғырлануы тіпті тамаша әрі қашанда кітапханалардан табылады емес пе! — дейді автордың өзі.
Ғұмырбаяны кітапқа арқау болған ардагерлердің бір тобы бейбіт заманда ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген. Олардың ізгі жолын бүгінде ұрпақтары жалғап жүр. Мәселен, барлаушы Темірхан Үрпекбаевтың ұлы — бірнеше мектепте директорлық қызметте болған Төлеухан Темірханов қазіргі күні №18 ЖОББМ-де тарих және құқық негіздері пәнінен сабақ береді, қаламызда дебат өнерін дамытуға үлес қосқан педагогтардың бірегейі. Ал Рахметолла Үрпековтің перзенті Раушан Рахметоллақызы — зейнеткер ұстаз, бүгінде «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.