Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, журналист Есентай Ерботин – жас ұрпақты ізгілікке, мейірім мен отансүйгіштікке тәрбиелеуде айрықша үлес қосқан тұлға. Оның шығармалары қазақ балалар әдебиетінің дамуына зор ықпал етіп, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарып келеді.
Есентай Ерботин 1940 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргеннен кейін шығармашылықпен шұғылданып, журналистика саласында қызмет атқарды. Павлодар облыстық теледидар және радиохабары жөніндегі комитетте еңбек етіп, кейін «Қазақ радиосының» Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді.
Ақынның әдеби жолы 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Өркен» атты тұңғыш жыр жинағынан басталды. Кейінгі жылдары оның «Өнеге» (1977), «Серік пен Берік» (1981), «Менің досым» (1984), «Далаға саяхат» (1991) атты кітаптары жарық көрді. Бұл туындылар балаларды еңбексүйгіштікке, достық пен мейірімге, туған жерге деген сүйіспеншілікке баулитын мазмұнымен ерекшеленеді.
Ақынның шығармаларының басты ерекшелігі – тілі жеңіл, мазмұны тәрбиелік мағынаға бай. Ол баланың ой-әлемін терең түсініп, олардың тілінде сөйлей білді. Осы себепті оның өлеңдері мектеп оқулықтарына енгізіліп, жас оқырмандардың сүйікті шығармаларына айналды.
Биыл ақының туғанына 85 жыл толуына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Балалар әдебиетіндегі ірі тұлға» атты облыстық мәнерлеп оқу байқауы өткізілді. Байқауға мемлекеттік және орыс тілінде білім алатын 2-6 сынып (7-12 жас) аралығындағы оқушылар қатысты. Іріктеу кезеңінен өткен оқушылар қорытынды байқауда өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Шараның негізгі мақсаты – ақын Есентай Ерботиннің әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, оның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты патриоттық, азаматтық және эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастыратын «Есентай Ерботин оқулары» дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Есентай Ерботин – қазақ балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан, шығармалары арқылы балалық шақтың қуанышы мен өмірдің сұлулығын өрнектей білген қаламгер. Оның мол мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы.
Риза АСҚАРБЕК,
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің бұқаралық ұйымдастыру бөлімінің басшысы.
