Pavlodar, KZ
Ясно

Ақтоғай өңірінде ақын, импровизатор, жыршы-термеші, шежіреші, өлкетанушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қимадиден Нығымановтың туғанына 100 жыл толуына орай дүбірлі той өтті.

Жиналғандарды аудан әкімі Қаршыға Арынов, мерейтой иесінің ұлы Қазыбек Нығыманов, танымал ақын, ҚР Жазушылар Одағынаң мүшесі Сайлау Байбосын құттықтады. Сондай-ақ, мерекелік шараның шымылдығы Қимаш ақынның «Атырау» кітабының тұсаукесерімен ашылды.

Той көрігін облыстық ақындар айтысы қыздырды. Жергілікті жұртшылық жыр додасына сусындап қалғаны байқалады. Сахнаға көтерілген он ақын сүбелі сөзден маржан шашып, делебесі қозған көрерменнің қошеметіне бөленді.

Азулы ақын Абзал Қабдраш пен өңіріміздің атын республикалық додаларда қорғап жүрген жас ақын Мейіржан Баршынбай арасындағы жезде мен балдыздың айтысы, Рауан Қайдаров пен Тілек Сейітовтің, Қайролла Хафиз бен Ерлан Аманқожаның сөз саптаулары залды сүйсіндіртіп, сілкіндіріп отырды.

Бұл күні айтыскерлер қанжығасы бос қайтпады. Мәрес Байрон «Жақсыбай абыз» атындағы арнайы жүлдеге ие болса, Қабдыкәрім Ыдырысов атындағы арнайы жүлде Қайролла Хафизге бұйырды. Естай атындағы арнайы жүлденің иегері – Ерлан Аманқожа. Сондай-ақ ұйымдастырушылар ақындарға төрт арнайы жүлде тікті. Ал ақынның жары Дәметкен Үсенқызы ең жас қатысушылар Ибраһим Қазыбек пен Мейіржан Баршынбайға ноутбук сыйға тартты.

Баянауылдық Нұрқанат Қайрат әділқазылар шешімімен үшінші жүлдені қанжығасына байлады. Талай додаларда топ жарып жүрген Абзал Қабдраш мәреге жеткен тұста екпіндетіп ерекше айтыс жасады. Дей тұрғанмен қазақтың қонақжайлылығы мен інілік ізетке салып Тілек Сейтіовке жолын беріп айтыстың әдемі нүктесін қойды. Осылайша екінші орынға тұрақтады. Айтысқа шөлдеп қалған Тілектің шабысы мен шабыты бөлек байқалды. Өзі айтқандай Естай жатқан топырақтан әулие қонған Мәшһүр Жүсіп еліне бірінші орынды алып кетті. Шашасына шаң жұқтырмаған Рауан Қайдаров кіл мықтылар айтысында топ жарып, бас бәйгеге ие болды.

Бұл күні қазақ күресі, қол күрес, гір тасын көтеру сайыстары да ұйымдастырылды. Ел азаматтары тіккен жүлделер өз иелерін тапты. Ақтоғайлықтар береке-бірліктің нақты үлгісін танытып, өңір тарихын жазуда елеулі еңбек сіңіріп, артына өшпес мұра қалдырған қаламгердің тойын жоғары деңгейде ұйымдасттырды.

Добавить комментарий