Зекебай Солтанбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, көп қырлы талант иесі. Оның шығармашылығы тек әдебиетпен шектелмей, халық педагогикасы мен өнердің басқа да салаларына зор үлес қосуымен ерекшеленеді. Қолымызға тиіп отырған «Алғашқы асу» кітабы – оның бай шығармашылық мұрасының маңызды бір бөлігі. Бұл жинақ мақал-мәтелдер мен мақалалардан тұрады, автордың әрбір сөзінде қазақ халқының терең даналығы мен ұлтына деген құрметі айқын көрінеді.
Зекебай Солтанбаев өз шығармаларында халықтың ауыз әдебиеті мен ұлттық құндылықтарын жан-жақты талдап, оларды бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен байланыстырады. «Алғашқы асу» кітабы да осы дәстүрді жалғастыра отырып, қазақ тілінің байлығын, оның өміршеңдігін және терең мазмұнын сипаттайды. Автор мақал-мәтелдер арқылы түрлі тақырыптарды қозғайды. Олар тек халықтың өмір сүру қағидаттары мен тіршілігін ғана емес, сонымен қатар қазақ қоғамының даму жолындағы толғаныстарды да қамтиды.
«Алғашқы асу» жинағында тақырыптар кең ауқымды: «Төрт түлік», «Үй іші, отбасы, тұрмыс тіршілік», «Ғылым-білім, кәсіп, нәсіп, пайда», «Өнер алды – қызыл тіл», «Ауыл, Отан, ел-жұрт», «Адами тіршілік – өмірлік күрес» сияқты маңызды мәселелер көтерілген. Бұл мақал-мәтелдер тек тілдің байлығын көрсетіп қана қоймай, қазақ халқының рухани әлемін де танытады. Сонымен қатар, кітапта автордың өз афоризмдері де бар, олар қоғамның қайнап жатқан тіршілігін айқындайды. Ақын өзі осы тірнектеп жиған еңбегін бір тармақпен былай сипаттайды: «Жиған мүлкім – даналық, мақал-мәтел», – дейді.
Зекебай Солтанбаевтың педагогикалық көзқарастары мен әдістемелері де осы кітапта көлемді мақалалар легі ретінде берілген. Әсіресе, «Бұхар – халық жыршысы» және «Халық педагогикасы – тәрбие негізі» әдістемелері – қазақ халқының ақын-жыраулары мен би-шешендерінің мұрасын бүгінгі күннің тәрбиелік мәселелерімен ұштастырады. Автор халық педагогикасының ұстанымдарын түсіндіре отырып, тәрбиенің негізгі көздерін атап өтеді: табиғат, отбасылық жамиғат, әлеуметтік орта, қоғам, дін – бәрі де адамның өмір жолының қалыптасуына ықпал ететін факторлар екенін зерделейді.
Зекебай Солтанбаевтың әдебиеттегі орны мен көркем шығармашылық әлеуеті жоғары бағаланады. Оның әрбір кітабы, мақаласы, өлеңі ұлттық рухты көтеруге, жастарды тәрбиелеуге бағытталған. Кітапта автордың өнер туралы толғаныстары да ерекше назар аударады. Мәселен, «Жанбай сөнген жанар таулар» мақаласында жергілікті қазақ өнерінің өкілдері, әншілер мен жыршылар туралы кеңінен сөз болады. Бұл мақалаларда автор өз елінің мәдениетіне деген сүйіспеншілігін, өнерге деген құрметін паш етеді. Бертін келе өнерде көзге түскен көптеген есімдер, сол өнерпаздардың шығармашылық жолы арқылы сол заманның рухын көрсетуге ықпал етеді.
Кітаптағы «Ауыл неге тұншығады? Ауылға қашан күн шығады?» деген мақаласы бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Автор ауыл өмірінің қиындықтары мен қала мен ауыл арасындағы алшақтықты сөз ете отырып, оны шешу жолдарын да қарастырады. Сол кездегі ауылдың жағдайы мен қазіргі ауыл мәселелерінің ұқсастығы осы мақаланың мәнін арттырады.
«Алғашқы асу» жинағы Зекебай Солтанбайұлының өзі жырлағандай терең философиялық ойлары мен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін көрсететін еңбек.
«Адамға алғашқы асу жігіттік шақ,
Балалықты білмейсің сорменен бақ.
Іліп алар жез қармақ тіл менен көз,
Қамыс сырнай, жез таңдай бір қу сұр жақ».
Бұл кітап қазақ тілінің байлығын, халқымыздың даналығын терең түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, автордың төл афоризмдері мен мақалалары қазіргі қазақ қоғамының рухани жаңғыруына зор үлес қосады. Осылайша, Зекебай Солтанбаевтың шығармашылығы тек әдебиетпен шектелмей, қоғамның өзекті мәселелеріне де терең көзқарас ұсынады. Кітапты оқыған әрбір адам сол арқылы өз ұлтына, оның мәдениетіне деген құрметін арттырады. Мұндай туындылар жиі басылып тұруы тиіс.
Айбек ОРАЛХАН.