Бүгін Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Алаш деген ел үшін, Сарыарқаның жері үшін» облыстық жастар мүшәйрасы өтті. Жыр мүшәйрасын С.Торайғыровтың мемориалдық музейі ұйымдастырды. Ережеге сәйкес ақындар жыр додасына екі туындысын – ақынға арнау жыры мен еркін тақырыптағы өлеңдерін ұсынды.
Ақындардың сөз сайысына белгілі ақындар – Ақпарат саласының үздігі, «Нalyq radiosy-ның» бас редакторы Асыл Әбіш, «Saryarqa samaly» газетінің веб-редакторы Алтынбек Мұқышев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жоламан Әйткен қазылық етті.
Сайыс қорытындысында, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы Мейіржан Баршынбай Бас жүлдеге ие болды.
Шарбақты ауданының ақыны – М.Қанапиянов атындағы жоғарғы колледждің студенті Есенкелді Жәнібек 1-орынды иеленді. Екінші орын жүлдесі Ақсу қаласының ақыны – Ю.Гагарин атындағы орта мектептің оқушысы Наурызбай Досанға бұйырды. Баянауылдық ақын – Ш.Айманов атынлағы мектептің оқушысы Ернұр Қанашұлы 3-орынды еншіледі. Мүшәйра жеңімпаздары академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан бөлек, Торайғыр ауылдық округінің әкімі Мұхтар Молшиннің арнайы жүлдесі Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғарғы колледждің студенті Жамбыл Абылқасқа, Музейдің арнайы жүлдесі Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Әбілхан Маратқа және «Жас ақын» аталымы Диас Жанбек табысталды.
Марапаттау рәсімінде С.Торайғыровтың мемориалдық музейінің меңгерушісі Жанар Аубакирова жас ақындарға алғыс айтып, өлең-жырға деген адалдығына тәнті көңілін жеткізді. «Ақын құрметіне арналған жастар мүшәйрасын жыл сайын ұйымдастырып, ауқымын да, деңгейін де ұлғайта беруді мақсат тұтамыз», – деді жыр сайысының ұйымдастырушысы.
…Сұлтанмахмұт 1918 жылы жазылған «Социализм» мақаласында «Ілгері кеткен жұрттардың тарихының қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе, көре-біле отқа түскендік болады. Тарих ғылымының пайдасы да алдыңғылардың қатесін кейінгінің істемеуінде», – деген ойды алға тартады.
Мақалада ақын: «Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі – дене азығы, бірі – ар азығы, – дейді. – Дене азығы дегеніміз – осы күнгі адам баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі; мысалы: пароход, отарба, телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, көліксіз электрик яки пар қуатымен жұмыс атқаратын машина, тағы-тағы сондайлар.
…ар азығы дегеніміз – әділдік. Осы соңғы ар азығы – әділдік табылмай басқа дене азығы өнерлердің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі ауырламаса, жеңілеймейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды.
Ар азығы ер жетпегендігінен Европадағы адам баласының күн көрісін, жеңілейтеді, бақытты қылады деген өнерлердің бәрі, адам баласының бірінің етін бірі жеуіне, бірінің қанын бірі ұрттауына жұмсалып жатыр; неше миллион жас жігіттер мүшелерінен айрылып кем болуына, неше миллион адам кеуделерінің тау-тау болып үйіліп, қара құс пен қасқырға жем болуына, кәрі ата-ана баласынан айрылып, жәрдемсіз жас келіншек, жас балалар панасынан айрылып көз жастарының сел болуына жұмсалып жатыр…
Европа халқы кешірек қалған Америка, Азия, Африка, Австралияның тұрғындарына не көрсетпеді? Малы тұрсын, адамдарын әкеп Европа базарларына сатпады ма? Европа оларға қарағанда періштесінген хайуандарды нанға у қосып беріп қиналғанын қызық көрмеді ме? Жұмысқа өгіздеріндей жегіп, олардың маңдай тері, табан ақыларымен семірмеді ме?
Мысалы, алыстан іздемей-ақ, кешегі Николай тұсындағы чиновниктердің өзімізге не қылғанын еске түсірсеңдер жетеді. Арқаларымызда қамшыларының табы әлі де тұрған шығар…
Ар азығынсыз құр өнердің өсуімен басқалардың бақытты бола алмағаны секілді, келешекте қазақ та бақытты бола алмайды», – деп жазады публицист Сұлтанмахмұт.
Осы мақаладай айтылғандай, мүшәйра барысында жас ақындар – жалынды ақындар ар азығын бойға жинауға талпынғанын, әділдікке ұмтылғанын аңғартты. Сұлтанмақмұт ақынның есімін ұлықтауға, жырын насихаттауға бағытталған жыр сайысының мақсаты да осы еді. Өскелең буын, кейінгі толқын – Торайғыров тағылымын бойына сіңіріп келеді.
Оқырман назарына Бас жүлде иегері Мейіржан Баршынбайдың өлеңдерін ұсынамыз.
Күн (С.Торайғыровтың ескерткіші алдында туған ой)
Ғасырлар зулап,
Дүние жылжып, дөңгелеп.
Жиырма жетіңде мекенің болды көр, кенет.
Ақыры, сен де қазаққа жарық күн болдың,
Көгіне шығып өрмелеп.
Асқақ қып айтып, Алаштың жықпай ұранын,
Биікте шалқып, шырқалып әлі тұр әнің.
Тас кеудеңдегі ақтарылмаған сырыңды,
Тас мүсініңнен ұғамын.
Айта алмай, бірақ, «жиырма жеті» жасқа айып,
Кеткендей болды табан астынан тас тайып.
Тіріліп қарап тұрғандай «қайсар рухың»,
Сан ғасырларға қасқайып.
Ғашық қып жырың қыр, дала, тау мен төскейді,
Атыңды көл мен тас, ағаш, гүлдер естиді.
Көгінде күн боп, көкірегінде қазақтың,
Есімің мәңгі өшпейді.
Төзіммен жеңдік тар замандардың таласын,
Көгіңді енді баспасын мұң мен қара сұм.
Күннің сәулесі нұрмен жылытып тұрғандай,
Қара бұлттардың арасын…
Қара шаңырақ
Жаңа танып жаһанның жаңалығын,
Бала болып жүруші ем шала, мығым.
Тас үйімнің көргенде терезесін,
Жәутеңдеп, елестейді бала күнім.
Иә, Әкешім, бермеді тақымды ұлың,
Ауыл жақтан естіліп шақырды үнің.
Сенен жеген таяқты салған еске,
Тұғырдан тая кетсем ақындығым.
Құдайдың жоспарымен қойған құрып,
Ол шақтарда арманды ойға алды үміт.
Есейіп кеткенімді байқамаппын,
Есігіңнің алдында ойнап жүріп.
Кетсе де кер дүние кері құлап,
Сейілмей сағыныштың шебі, бірақ.
Осы тас үй – жасымнан тәрбиелеп,
Тастай ұл ғып өсірген мені, бірақ.
Әр сәтте перзентіңнің озған бағы,
Сені жырлай беруден сөз қалмады.
Мен қаншама есейіп кеткеніммен,
Бұл Шаңырақ – орнынан қозғалмады.
Асыл үйім, аумайтын дара бақтан,
Арым үшін аулақпын қаралы аттан.
Мен бұл үйге бір ару ала келем,
Ошағы өшпеу үшін Анам жаққан.
Әзірлеген: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.