Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен бірнеше жақсы жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» жобасы аясында жақында Павлодар облысының ауылдық кітапханаларына көркем әдеби және балаларға арналған мазмұнды, құнды және сапалы кітаптар сыйға берілді.
Бұл жобаның басты мақсаты – оқу мәдениетін ілгерілету арқылы өскелең ұрпақтың, атап айтқанда шалғайдағы елді мекендердің бойына жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік бағдарларды қалыптастыру.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхана осы жобаның аясында «Жазушы», «Дәуір», «Мазмұндама», «Qasym», «Атамұра», «Мерей», «Фолиант», «Өлке», «Абай», «Ана тілі», «Steppe&World» баспаларынан жарық көрген көркем әдеби және балаларға арналған бірнеше кітаптарды сыйға алды. Оның ішінде қазақ ақын-жазушыларының кітаптарымен қатар, сериялық кітаптар, қазақ тіліне аударылған әлемдік бестселлер мен балалардың сүйіп оқитын кітаптары жетерлік.
Атап айтар болсақ, З.Наурызбай мен Л.Калаус жазған «Бату мен достарының алтын тостағанды іздегені», «Бату мен достарының Барсакелмес еліне саяхаты», «Бату мен достарының жұлдыздар ілі Айдалаға саяхаты» кітаптары, Ұлыбританиялық жазушы Ж.Роулин жазған 7 томдық қиял-ғажайып шығармалар жинағы, «Таңғажайып хайуандар мен олар мекендейтін аймақтар» және т.б. кітаптар ауыл кітапханаларына жол тартпақ.
Ерекше атап өтерлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жеке бастамасымен бұл жүз кітап академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай, ғұлама ғалымның туған жеріндегі мектеп кітапханасына арнайы жолданған еді.
Бұл кітаптар балалар мен жасөспірімдердің, жастардың, жалпы кітап сүйер қауымның рухани дамуына, тұлға болып қалыптасуына жан-жақты септігін тигізері анық.
Әйгерім СОЛТАН.