Өскемен қаласында 1-5 қазан күндері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалі өтті.
Көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған фестивальді Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ұйымдастырды.
Қазақстан театр өнерін дамыту, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтау және қолдау, сонымен қатар, елімізде дәстүрлі театр өнерін сақтау, қазақ балалар әдебиетін дәріптеу және Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық мұрасын мәңгі есте сақтау сынды мақсаттарды көздеген өнер байқауында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры басты марапаттардың бірі – «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлыққа» ие болды.
Жерлестеріміз Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» хикаятын сахналады. Қойылым режиссері – Жанкелді Садықов, хикаятты сахнаға лайықтап жазған – Талғат Садықов.
Режиссерлік шешім бойынша Қожаны екі әртіс сомдады. Бекнұр Дастан мен Ақжол Дүйсенұлы басты рөлді шебер ойнай білді. Сонымен бірге Қарлығаш Жексембаева сомдаған әже бейнесі, Ақық Таспаева сомдаған Милат ана рөлі, Айсұлу Балтабаева ойнаған Майқанова образы, Жасұлан Әмірханның «Сұлтаны» мен Райхан Жұмаханованың «Жанары» көрерменнің де, қазылардың да көңілінен шықты.
– Бұл еліміздегі үлкен фестивальдердің бірі. Сонау 1992 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан тарихы бай фестиваль. Оның басты ерекшелігі балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдар ұсынылады. Биыл фестивальге 10 театр ұжымы қатысты. Біздің ұжым бірінші күні өнер көрсетіп, фестиваль шымылдығын түрді. Біз үшін осынау жетістік ерекше мәртебе десек болады, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.
Бұдан бөлек фестиваль жеңімпаздары «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлік шешім», «Үздік сценографиялық шешім», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі» және басқа да номинациялар бойынша марапатталды.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.