
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы өткен жылдың соңында мол қуанышқа кенелді. Өңір басшылығы шығармашылық ұжымға 3 қызметтік пәтер мен 50 млн теңге қаражат бөліп, ерекше ынталандырды.
Мұндай қолдау жергілікті қазақ театрына ұзақ жылдан бері жасалмаған. Бұл қуанышты жайт көкейде кептеліп тұрған біраз ойдың тиегін ағытуға түрткі болып отыр.
Былтыр өңірлік Аймауытов театрының қайта жаңғырғанына 35 жыл толған еді. Біле бермейтіндер қазақ театры 1990 жылы алғаш есігін ашты деп ойлайды. Дей тұрғанмен 1938 жылы Павлодар Семей облысынан бөлініп, облыс болып өз алдына жеке шыққан уақытта өңірде қазақ театры да ұйымдастырылғаны туралы деректер бүгінде ұмыт болып бара жатыр. Алғашқы қазақ театрының құрылуына Павлодар қаласы мен бірнеше ауданда оған дейін де жұмыс істеп тұрған театр өнері үйірмелері негіз болған. Білетіндер бұл үйірмелердің ашылуына Жұмат Шаниннің өзі бастамашы болған дейді. Ал облыстық театрдың алғашқы режиссері – Қадыр Хамзин. Өнер тұлғасы бұл жайында өзінің кітабында да жазып кеткен. Облыстағы тұңғыш қазақ театры шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклімен ашады. Шығармашылық ұжым соғыс жылдарына дейін табысты қызмет етіп, көрермендерге көптеген қойылым тарту еткен. Алайда соғыс уақыты ұйым жұмысын тұралатып, кейіннен оның қазақ-орыс театры болып қайта құрылуына алып келеді. Сол кездегі басшылардың көзқарасы дұрыс болмады ма екен, 50-жылдары орыс-қазақ театрының қазақ труппасы таратылып, оның негізгі құрамы Лебяжі аудандық (қазіргі Аққулы ауданы) халық театрына ауыстырылады. Ал 1990 жылы белсенді азаматтардың бас қосуымен керекулік
театр қайта түлеп, облыстық театр ретінде құрылған.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Омаров – Жүсіпбек театрының құрылуына негіз болғандардың бірі. Ақсақалдың сөзінше, жергілікті қазақ театрының тарихы әріден басталады.
«1990 жылы облыстық қазақ театрын құрған уақытта біз театрды жаңадан аштық деп ағат ойлаппыз. Өңірлік қазақ театры шамамен 1938–1945 жылдар аралығында жұмыс істеп, кейін оның орнына орыс театрын құрып, таратып жіберген. Бұл қиянаттан театр жұмысы 50 жылдан астам тоқтап қалады. 2025 жылы Аймауытов театрының құрылғанына 35 жыл толды делінді. Бірақ біз тарихты сол 1938 жылдан бері тарқатуымыз керек. 1990 жылы мен облыстық мәдениет басқармасына басшы болып келгенде «қазақ театры болуы керек» деген идея көтердік. Театр есігін айқара ашқан уақытта көрермендер үзбей келе бастады. Сол тұста руханиятқа шөлдеп отырған елді көрдік. Әуел баста актерлік құрамды қалыптастыруда қиындықтар болғаны рас. Қазіргі Жүргенов атындағы өнер академиясының сол тұстағы басшысы Әшірбек Сығай көп қолдау көрсетіп, екі жыл қатарынан түлектерін бізге аттандырды», деп еске алды театрдың алғашқы жылдарын Мұхит Омаров.
Алғашқы режиссері (1990 жылы қайта ашылғанда) Ерсайын Тәпеновпен бірге Павлодардағы театр өнерінің бастауында Мұхтархан Манап, Сейітжан және Роза Тәжібаевтар, Сансызбай Бекболатов пен Амангелді Жүке, Талжібек Атамбек, Бейбіт Шәнім, өзге де танымал актерлер тұрды. Бір қызығы сол тұста Павлодар облысы театр актерлерін қолдаудан республикада алдыңғы орынға шығыпты. Актерлер мен қызметкерлердің бас-басына үй берген. Облыс басшылығы бір мезетте 16 пәтерді актерлер игілігіне тапсырған. Одан соң бұл іске өңірдегі мекемелер, ірі зауыттар, кәсіпорындар қосылып, әрқайсысы бір-бір баспанадан театрға тарту еткен. Бара-бара мәдениет саласының басшылары театр қызметкерлерін соғыммен қамтамасыз ету мәселесіне де жауаптанған. Қажеттінің бәрін тауып беріп, актерлерді қарық қылып отырған. Мұндай қолдау, кеңшілік орта актерлерді жігерлендірмей қойсын ба, аз ғана уақытта театрдың тасы өрге домалап, аты алысқа тарай бастады. Ал облыстағы өнер ұжымына жасалып жатқан әлеуметтік оң істер республикада үлгі ретінде жиі айтылып, баспасөз беттерінде жазылады.

Әлқисса, әңгіменің басына қайта оралсақ. Аймауытов театрының 90 жылға жуық тарихы бар екенін ескерген облыс басшылығы былтыр ұжымның 35 жылдық мерекесін атап өтуді дұрыс шешім деп қабылдамады. Бұл әрі-беріден соң қазақ театрының екі арада үзіліп қалған бай тарихын мойындамау болып шығар еді. Сондықтан жергілікті зиялы қауымға, өнер зерттеушілеріне театр тарихын қайта қарап, шаң басып жатқан архив құжаттарына тағы бір мәрте үңілу жүктелді. Себебі кейбір өнертанушылардың пайымынша, Аймауытов театрының тарихы 1938 жылдан әрі басталуы да ғажап емес. Ал 50-жылдары ұйым таратылғанда оның ізін басқан аудандық қазақ театрлары облыстық қазақ театрының заңды мұрагері – тарихын қайта жалғастырушылар болып табылатыны анық. Ендеше, келешекте өңірлік қарашаңырақтың ғасырлық тарихын тойлап жатсақ, таңғалмаймыз.
Осылайша, 2025 жылдың қорытындысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Жүсіпбек театрының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында ұйымға 3 қызметтік пәтерді тарту етті. Сондай-ақ ұжымның шығармашылық әлеуетін арттыруға және мәдени жобаларды дамытуға қолдау ретінде 50 млн теңге көлемінде қаржы бөлді.
Қызметтік пәтерлер театр үшін ең маңызды жаңалық болып отыр. Себебі соңғы рет театрдың қызметкері 1997 жылы баспаналы болыпты. Содан бері мұндай қолдау болмаған. Бірден айтайық, осындай келеңсіздік салдары ма, өңірдегі іргелі қазақ театрында жас актерлердің тұрақтамауы кейінгі жылдары белең алып барады. Бұған ең басты себеп – баспананың жоқтығы. Театрдағы бір қызметтік пәтер мен 10 адамға арналған бір жатақханадан басқа түк болмай келген. Ұжымға келетін мамандарға әрі кетсе жатақхананың бір бөлмесі бұйырады. Болмаса пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал жас мамандардың қолына алатын жалақысы 120-130 мың теңге көлемінде екенін ескерсек, пәтер жалдауды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Соның кесірінен театрдың мықты мектебінен тәлім алған актерлер әрі кетсе үш-төрт жылдан соң, жағдайын жасауға уәде еткен еліміздің өзге театрларына тайып тұрады. Бізден кетіп, ол жақта көп ұзамай баспаналы болып жатқан актерлер аз емес.
«Өкінішке қарай, театр қызметкерлерін қолдау ісі кейінгі жылдары кілт үзілгені біз сияқты театр жанашырларын қатты ойландыратын. Бюджет қаражаты тапшы екенін, барлық актерді баспанамен қамту мүмкін емес екенін жақсы білеміз. Бірақ бұл істі біз жасағандай меценаттар есебінен жүзеге асыруға әбден болар еді. Ол үшін өңірде «Меценаттар клубын» құруды ұсынар едім. Ол жалпы мәдениет пен өнер саласы үшін жауапты болса. Қазіргі Аймауытов театрында жалынды актерлер көп, алайда олар ұзақ тұрақтамай кетіп жатыр. Басты мәселе – баспана. Кейде өзге облыстардың театрлары туралы сұрастырамын ғой. Олар бизнес өкілдерін тартып, театрды қолдаудың түрлі айла-әдістерін ұйымдастырып қойған. Жас мамандардың өзі баспанамен қамтылған. Кейбір облыстарда жыл сайын 600-700 мың теңгеден грант, сыйлық үлестіріледі. Бұл мәселеге облыс басшысы Асайын Байхановтың көңіл аудара бастағаны бізді қуантып отыр, дейді Мұхит Омаров.
Ақсақал сондай-ақ жергілікті театр актерлеріне құрметті атақ-марапаттардың аз берілетінін де айтады. Мәселен, мемлекеттік мерекелерде көршілес өңірлердің театр қызметкерлері «Парасат», «Құрмет» ордендерін, «Халық әртісі», атақтарын алып жатқанда павлодарлық театр ұжымы түксіз қалғанын талай мәрте көз көрді. Кейінгі жылдары халықаралық, республикалық театрлар фестивальдарында үнемі жүлде алып жүрген Аймауытов театры «академиялық театр» мәртебесін алуға ұмтылыс танытқан сыңайда. Ал мәдениет мекемелеріне «академиялық» мәртебе беру туралы ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 5 наурыздағы №85 бұйрығында «шығармашылық қызметкерлерінің кемінде 25 пайызы бұрынғы КСРО-ның және өзге де шет мемлекеттердің және (немесе) мемлекеттік наградалармен марапатталған болу керек» деп көрсетілген. Жүсіпбек театрындағы белді актерлердің айтуынша, ондай жоғары марапат-атақтар бұл ұжымда аз. Себебі жыл сайын облыстан республикаға жіберілген ұсыныстар көбіне қабылданбайды немесе ол елордада павлодарлықтардың мүддесін қолдап, қорғайтын азаматтар жоқтың қасы. Театрдың өз қызметкерлерін марапаттау бойынша ұсыныстары жоғары жақтан қолдау таппай, ысырыла беретін болса, ойға алған жоба-жоспарлары құр қиял болып қала беретіндей.
Өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның дерегінше, Аймауытов театрының 2025 жылғы бюджеті 539 млн теңге болса, Чехов атындағы облыстық драма театрына 408 млн теңге бөлінген. Алғашқы театрда бір жатақхана мен бір пәтер (2025 жыл соңына дейін), соңғысында бір жатақхана мен үш пәтер бар.
Қаржыландыру көлемін салыстыру мақсатында өзге облыстардағы театрларға сұрау салып, мәлімет алдық. Мәселен, Қызылорданың Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық драма театрының былтырғы бюджеті – 788 млн теңге, Қарағандының С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының бюджеті – 1 млрд 155 млн теңгені құраса, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры – 1 млрд 368 млн теңге, Халықтар достығы орденді К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры – 828 млн теңге, Б.Римова атындағы Талдықорған академиялық драма театры – 601 млн теңге (академиялық мәртебе 2025 жылғы желтоқсанда берілді), Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 1 млрд 340 млн теңге бюджет қаражатын алған.
Қызылордада 2024 жылы мәдениет саласына 40 пәтер тапсырылып, оның 13-ін театр актерлері иеленген. Ал Қарағанды, Түркістан, Жетісу, Маңғыстау облыстарында актерлерді баспанамен қамтуға баса мән беріліп, мұндағы әр театрда кемінде 5-10-нан қызметтік және жалдамалы пәтерлер бар.
Комитет өкілдері «Облыстардағы театрлар қызметкерлерінің жалақысын қалай көтеруге болады?» деген сауалымызға:
«Өңірлік мемлекеттік театрлар жергілікті атқарушы органдарға бағынышты ұйымдар болғандықтан жергілікті бюджеттен, тиісінше қалалық немесе облыстық бюджеттен қаржыландырылады. «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес, тиісті жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына жергілікті бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемеақыларын белгілеу құқығы берілген. Ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын тиісті жергілікті атқарушы орган айқындайды», деп жауап қайтарды.
Ендеше бұл жерде барлық гәп жергілікті жауапты органдардың бюджетті белгілеу кезінде өнер мен руханият саласына мән бермейтінінен туындап отыр деп шамалауға болатын шығар. Облыс басшылығында, өңірлік мәслихатта руханиятқа шын жаны ашитын азаматтар табылмай отырғаны өкінішті.
А.Байхановтың қазақ театрына жасаған сыйлығына жарықтық Жүсекеңнің аруағы бір аунап түскен шығар деп ойлаймыз. Ендеше ол бір реттік акция болып қалмаса екен. Ұйымның әлеуметтік жағдайын одан әрі талдап, қолдауды үдете түссе, өнердегі қарашаңырақтың мүмкіндігі кеңейіп, екінші тынысы ашылатынына дауымыз жоқ.
“Egemen Qazaqstan” газеті.
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ.
