Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жазушы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының таныстырылымы өтті. Бұл іс-шараны ұйымдастырушы – Астанадағы «Амангелді Иман» қоғамдық қоры. Қор төрайымы – Толқын Сұлтанова.

Аталмыш кешке ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, Мәжіліс депутаттары, тіл жанашыры, ақын Қазыбек Иса, Нұржан Әшімбетов, сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, белгілі жазушы Мәди Айымбетов, Еуразия Ұлттық университеті журналистика кафедрасыны деканы жазушы Нұржан Қуантайұлы, жазушы Жұмағали Қоғабаев, жазушы, аудармашы Айгүл Кемелбаева, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Шәкенова, емші-шипагер Замира Дожнаева т.б. зиялы қауым өкілдері және БАҚ өкілдері, оқырмандар  қатысты.

Жиын барысында сөз алған адамдар жаңа романның тақырыбының тосындығын, композициялық құрылымын, оқиға өрбітуін, тіл жатықтығын, басқадай жетістіктерін айта келіп, бүгінгі заманауи прозаға қосылған өз айтары бар шығарма екенін атап өтті.

Серік Негимов: «Бұл шығарма әлеуметтік желі бетінде «детективтік роман» деп аталып жүргенімен, бұл таза детективтік туынды емес. Негізінен экшн жанрына жатқызған дұрыс болар. Кітаптың құрылымы шытырман оқиғалы, бұның ішінде ұлттық нақыш та, кейіпкер монологы да, новеллистка элементері де бар. Оқиғасы шымыр өрілген, оқырманды еріксіз жетелеп отырады», – деді.

Кітап авторы Сайлау Байбосын шығармаларымен бұрыннан таныс сенатор Алтынбек Нухұлы аталмыш кітап жайлы өз ойын білдіре келіп, автордың ақындығына, шежіреші-өлкетанушылығына, мұрағатшылығына арнайы тоқталып, прозадағы осы бір үлкен туындысы бүгінгі оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесі болатынына сенімдімін деді.

Роман жайлы өз пікірлерін білдірген Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Айгүл Кемелбаева, кәсіпкер Еркін Сейітжанов, журналистика ардагері Бадуан Имаш т.б. адамдар шығарма жайлы өз ой-пікірлерін білдіріп, тіпті фильмге сұранып тұрған дайын дүние екенін де атап өтті.

Отырыс барысында сөйлеушілір алдағы уақытта автордан бұдан да тартымды дүниелер күтетінін айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Кітап авторы мен ұйымдастырушылар тұсаукесер кешті өткізуге қолайлы жағдай туғызған Ұлттық кітапхана қызметкерлеріне алғыс айтып тарасты.

Добавить комментарий