(жолжазба)

  

Қызылорда қаласына жолым түсетінін білген сәтте-ақ санамда Әбділдә Тәжібаевтің жыры жаңғырды:

«…Жазса Тарас Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді,

Неге маған жырламасқа

Сырда туған елімді… », – деп толғанған ақынның туған жерімен қауышу көптен бергі арман еді.

Межелі уақыт жеткенде «Павлодар-Қызылорда» пойызы Ақмешіт атырабына қарай тербеп ала жөнелгенде, ойымда Шәмші әні шалқыды:

«…Тұрғандай қарап толқынды Сырға,

Бір сұлу әсем жан сыры.

Сәуле боп ойнап жатқандай суда

Көзінің ерке жарқылы…», – дейтін Зейнолла Шүкіровтың «Сыр сұлуы» өлеңі қандай әуезді, қандай сырлы болса, менің де бұл сапарым сондай әсерлі, сондай мазмұнды болды.

Алаштың анасы – Сыр өңірі, қазақ тарихының әр кезеңінде үш рет астана болған (Жент, Сығанақ, Қызылорда) қала, Қорқыт ата, Жанқожа мен Бұқарбай батырлар, Мұстафа Шоқай, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мен Нартай Бекежанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Қалтай Мұхаметжанов туған топырақ жадырап қарсы алды, ыстық құшағына басты.

Сонау бір кезеңдерде Жүсіпбек Аймауытұлының, Жұмат Шаниннің, Қошке Кемеңгерұлының, Әлкей Марғұланның ізі қалған топыраққа табаным тигенде ұлылықтың шыңына шығып тұрғандай әсерге бөлендім.

***

Қасиетімен қазаққа – құндақ, ұя,

Ол ұя – бар қасиет тұнған ұя.

Тербетеді халқымның тектілігін,

Арнасын сыр толтырған Сырдария.

***

Негізгі жұмысым аяқталған соң, қаланы араладым. Алдымен, Қызылорда облыстық музейіне бас сұқтым. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты 1953 жылы салынған екен. Музейдің «Өсімдіктер мен жануарлар», «Археология», «Сыр өлкесінің ХҮ-ХХ ғасырлардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы», «Өлкеде кеңес өкіметінің орнауы», «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында», «Облыстың ауыл шаруашылығы мен экономикасының дамуы», «Мәдениет және өнер», «Облыстың әлеуметтік саласының дамуы», «Этнография» және «Тәуелсіз Қазақстан» залдарында Қызылорда облысының кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін жәдігерлер мен деректер мол.

***

Өңір тарихымен танысқаннан кейін қаланың көрікті жерлерін, ерекше нысандарын аралап шықтым. Ерекше әсер еткені – Қызылордадағы түрлі аллеялар. Солардың бірі – «Қаламгерлер аллеясы». Онда қазақтың атақты қаламгерлері Қалтай Мұхамеджанов, Әбілда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіровтің келісті ескерткіші орналасқан. Үш қаламгер кеңесіп, әдебиет жайлы әңгіме өрбітіп отырғандай әсер сыйлайды.

Ал, «Сүлейлер аллеясы» танымдық-тағылымдық сипатымен ерекшеленеді. Онда Нұртуған Кенжеғұлұлы мен Базар жырау Оңдасұлының және Нартай Бекежанұлы мен Тұрмағамбет Ізтілеуұлінің ескерткіштері орнатылған. Сүлейлер аллеясы – кеше, бүгін, болашақ деп аталатын арналарды біріктіретін рухани тұғыр. Ұлт мәдениетінің тарихы осы үштағанның өзегіне өрулі. Аллеядағы тақтайшалардың бірінде «Сүлей» сөзінің анықтамасы жазылыпты. «Сүлей – арғы жерде, түркі-моңғол дәуірінде «Соғыс Құдайы» деген өзге мағына берсе де, Сыр елінде сөз өнерін биік дәрежеге көтерген ақын, шайыр, жырауларға қатысты қолданылып, құбыла келе «Өлең-сөздің Құдайы» деген мағына беретін атауға айналған. Сырда сүлейлер категориясына жататын Базар, Ерімбет, Тұрмағамбет, Даңмұрын, Нұртуған, Нұрмағамбет, Құлжан, Оңғар, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Омар, Бұдабай, Құлан, Мәнсұр сияқты сөз иелері өткен». Аллея бойымен жағалай орналасқан өзге де тақтайшаларға анықтамалық мәліметтер жазылған. Олардан «Аңыз», «Жыр», «Айтыс», «Қисса»,  «Назым», «Дастан», «Толғау», «Арнау» секілді ұлттық өнердің озық үлгілері туралы мәліметтерді оқуға болады.

«Абай аллеясында» ұлы ақынның өмірінің әр кезеңі мен қара сөздері бедерленген. «Тағзым аллеясында» Ұлы Отан соғысының құрбандарына, Қызылорда облысының Социалистік Еңбек Ерлеріне, Семей атом полигонының, Ауған соғысының, Чернобыль АЭС апатының, Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында қызмет еткен «Қазбат» әскерлеріне, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарына мәңгілік тағзым ретінде ескерткіш тастар орнатылған. «Еңбек аллеясы» еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табатынын әйгілейтіндей. Аллеядағы Ыбырай Жақаевтың мүсіні «Ерінбей еңбек қыл, жалықпай өнер біл» деп өсиет айтып тұрғандай.

***

Қалаға рух беріп тұрған ескерткіштердің бірі – Қорқыт ата ескерткіші. Ескерткіш 2000 жылы орнатылған. Авторы – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Жаркен Исмағұлов. Ескерткішке Қорқыт атаның «Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас», «Адам ішпес ашшы судың жылға қуып ақпағаны жақсы», «Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бірі екеу болмайды», «Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман», «Ата даңқын шығарып өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» деген сөздері бедерленген.

***

Ғасырлар көп өсиет тізбектепті,

Қорқыт баба қалады із боп текті,

Мәңгі өмір іздеп шығып адамзатқа,

Азаттыққа мәңгі өмір іздеп кетті.

***

Қаладағы тарихи орындарды да көру бақыты бұйырды. Қазіргі Училищная көшесіндегі ескі ғимараттың қабырғасына «Мұстафа Шоқай 1899-1902 жылдары осы ғимаратта орналасқан Перовск училищесінде оқыды» деген тағзымтақта орнатылған. Ал, Әйтеке би көшесіндегі ескі үйлердің бірінің қабірғасына «Здесь стоял дом где в 1925-1929 гг. жил и работал Б.Майлин – один из основоположникоа казахской-советской литературы» деген белгі қойылған.

***

Қаладағы көне тарихи және мәдени ескерткіштердің бірі – іргетасы 1878 жылы қаланған «Айтбай мешіті». ХІХ ғасырдың 70-жылдары Перовскіде мешіттер құрылысы қарқынды жүргізіле бастайды. Қысқа мерзімде Ақмешітте қазақ, өзбек, татар мешіттері бой көтереді. Солардың қатарында 1878 жылы Айтбай қажы Балтабайұлының бастамасымен Әулиеата шеберлері Ысқақ пен Қамал құрылысын жүргізген мешіт болды. ХХ ғасырда мешіт ғимараты әртүрлі қызмет атқарды: 1950 жылдары кинотеатр ретінде пайдаланылса, кейін ол жерге мектеп-интернат, 1970-1971 жылдары тігін цехы, одан кейін «Қызылорда қалпына келтіру» мекемесі орналастырылды. Ескерткішті «Қазақ жобалау-қалпына келтіру институты» зерттеп, 1980 жылы мешітті толық қалпына келтіру-жөндеу жобасын жасады. Ғимарат тікбұрышты жоспарда күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған, көлемі – 16х12 м. Іргетасы да дәл осындай кірпіштерден қаланған. Негізінің тереңдігі – 1,70 м, ені – 0,90 метр. Мешіт ішкі қабырға арқылы намаз оқу залына және вестибюльге бөлінген. Залдың ортасында темір жабындысымен жабылған, шатырға қарай жоғарылайтын күмбез кеңістігі орналасқан. Ғимарат сыланып, әктелген, төбесі боялған. Мешіттің қасбеті, әсіресе, михрабы бар батыс қасбеті, кірпіштермен айшықты қаланып сәнделген. Мұнарасының биіктігі 14 метр болса, күмбезінің биіктігі – 9 метр. «Айтбай» мешіті ежелгі мұсылман діни-сәулет өнерінен өзгеше түрде салынған. Нысан құрылысында ислам сәулет өнерінде сирек кездесетін стиль пайдаланылған.

***

Қалада ескі ғимараттар, тарихи ғимараттар бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Мысалы, «Ақмешіт» мұражайы 1905 жылы салынған «Теміржол милициясы» ғимаратында, Қызылорда қаласының жастар театыры 1924 жылы салынған «Теміржолшылар клубы» ғимаратында, Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығы 1959 жылы салынған ғимаратта орналасқан.

***

Сақтайды көшкен уақыт дерегін кім?

Әр сәтінен тағылым тере білгін.

Ескі ғимараттардың әр тасынан,

Дауысы естіледі көне күннің.

***

Өңір мәдениеті мен өнерінің тарихы театр өнерімен тығыз байланысты. Сол себепті де Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрынің орыны ерекше. Қазақтың тұңғыш ұлттық театрының шымылдығы 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылорда қаласында түрілді. Ұлттық театр 1929 жылы Қызылордадан Алматыға көшірілді. 1945 жылдың 16 сәуірінде облыстық кеңестің №159 қарарымен Қызылордада қазақ драма театрын құру туралы шешім қабылданды. Қызылорда облыстық драма театры 1955 жылы Қаратал, Еңбекшіқазақ және Ақсу аудандарындағы колхоз-совхоз театрларының негізінде Талдықорған қаласында құрылды. Театр шымылдығы Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен түрілді. 1960 жылы театр Қызылордаға көшірілді. 1967 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді.

***

«Сахна-ойыны» ғажапқа төрді бөлер,

Өмірдегі «ойындар» елді бөгер.

Қазақтың жаны болып жасап келед(і),

Арудың көз жасындай мөлдір өнер.

***

Қызылорда қаласының қазақ тарихындағы орыны айшықты. Оны көзі қарақты оқырман, жақсы біледі. Менің тағы бір еске сала кеткім келетіні: Қызылорда халқымызға «Қазақ» атауын қайтарып берген қала. 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезінің ашылуы өтті. Бес күнге созылған съездің мақсаты – «қырғыз» халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру еді. Күллі қазақтың V съезі Кеңестердің «киргиз» деп келген атауын «қазақ» деп өзгертуге қаулы қабылдатты. Сонымен бірге, «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп өзгертуге шешім шығарған еді.

***

Қазаққа рухы, ары, салты қорған,

Баба ізі қалған мекен, жарқын ол маң,

Қызылорда, кеңейтіп көкжиекті,

Тарихпен тілдестірген алтын ордам.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Павлодар-Қызылорда-Павлодар.

Добавить комментарий