Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама спортшылары осы күзде Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде.

  • Дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Біз Ыстанбұл қаласында, кейін Бурабай қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп үлгердік. Ал қазір жаттығуларды Қырғызстанда жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Мен жалпы бұл спорт түрімен 11 жылдан бері айналысамын. Тоғызқұмалақ өмірімнің бір бөлігіне айналды десем де болады»,- дейді тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ерсұлтан Әуелбай.

Тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрама спортшысы Ернұр Мерешев бұл спорт түрімен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол тоғызқұмалақ спортын мектеп қабырғасынан бастап үйрету керек екендігін атап өтті.

  • Тоғызқұмалақ ойлау қабілетіне өте жақсы әсер етеді. Мысалы үйірмеге қатысатын балалардың математика пәнінен үлгерімдері өте жақсы,- дейді ол.

Ал тоғызқұмалақтан ҚР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаеваның айтуынша тоғызқұмалақ, овари (Батыс Африка халықтарының ойыны) және мангала (түрік халқының зияткерлік ойыны) зияткерлік ойындарына қатысу үшін әлемнің 50 елінен ең мықты спортшылар келеді деп күтілуде.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Онда 21 спорт түрінен барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Добавить комментарий