Павлодар қаласындағы «Құлагер» ипподромында ҚР чемпионатының 8-кезеңі әрі осы күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өтті.
Жарыс бәйгенің 4 түрі бойынша ұйымдастырылды: Құнан бәйге, Топ бәйге, Жорға жарыс және Аламан бәйге. Жалпы жүлде қоры — 24 900 000 теңге.
Павлодардағы дүбірлі додада еліміздің түрлі өңірінен жиналған 90-астам тұлпар сынға түсті.
Құнан бәйгеден бірінші болып мәреге «Қамысқұлақ» атты тұлпар жетті. Шабандозы – Асланбек Абдықал.
Топ бәйгеде «Ғасыр» атты сәйгүлік топ жарды. Шабандозы – Әлихан Жәнібекұлы. Ат иесі – Исенбай Қалдаманов.
Ал, Аламан бәйгеде «Сафлор-Лэнд» жүйрікке жетер жануар болмады. Шабандозы – Амир Аманұлы. Бапкері – Қанат Римбаев.
Жорға жарыста «Орда» атты жорға алдына қара салмады. Шабандозы – Юрий Лымарь.
Айта кетейік, бұл жарыста бірінші болған тұлпарлар күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын болады.