Елордамызда өтетін 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында аударыспақ спорты бойынша жарыстарды 8-10 қыркүйек күндері этноауылда тамашалайтын боламыз.
Қазір аударыспақтан ұлттық құрамамыз Алатау бөктерінде орналасқан Олимпиадалық даярлау орталығында дайындалып жатыр.
Еліміздің түкпір-түкіпірінен, ең үздік деп танылған 12 аударыспақшы жоспар бойынша дайындалуда. Оның ішінен 6 іріктеліп, дүбірлі додада ел намысын қорғайтын болады.
Аударыспақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаевтың айтуынша, шілденің соңғы күндері басталған оқу-жаттығу жиындары жоспар бойынша өтіп жатыр.
-Күнде белгілі бір графикпен жүмыс жасаймыз. Бірінші физикалық жаттығу, түстен кейін атпен дайындаламыз. Бұл оқу-жаттығу жиынында жігіттердің қаншалықты дайын екенін көріп жатырмыз,- дейді ол
Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Онда 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.