Елдегі жетекші мобильді операторы «Кселл» V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми байланыс операторы атанды. Қос тарап тиісті меморандумға қол қойды. Бүгінде сайыс өтетін спорт нысандарында байланыс құрылғылары мен қосымша базалық станциялары орнатылып жатыр.
Атап айтсақ, «Кселл» компаниясының техникалық жасағы «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» атшабары және Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұзайдыны, «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешені, ҚР Ұлттық музейі, «Думан» ойын-сауық кешені аумағына қосымша 4G және 5G базалық станциялары мен телекомуникациялық жабдықтарын орнатуға кірісті.
Бұл шетелдік қонақтар мен қатысушыларға өз туған-туыстарымен еш кедергісіз бейнебайланысқа шығып, әлеуметтік желілерге фото, видео материалдарды жедел жүктеуге, таратуға, барлық цифрлық сервистерді үздіксіз пайдалануға мүмкіндік береді.
«Кселл» аталған нысандардағы байланыс желілерін жетілдіріп қана қоймай, көшпенділер ойындарына қатысатын әр спортшыға, еріктілерге, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің әр мүшесіне 5G интернеті мен байланысы бар сим-карталарды тегін таратпақ. Бұдан бөлек, компания спорт кешендерінде Wi-Fi-сигналын тарататын арнайы 5G-роутерларын орнатпақ. Сондай-ақ, тақырыптық SМS-хабарламалар жолдауды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – әлемдегі ең ірі ұлттық спорт додасы. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өткен. Астанадағы жаһандық жарысқа әлемнің 89 елінен 2800 адам қатысады. Олар 21 этноспорт түрінен сынға түспек. Оның ішіне бәйге, көкпар секілді ат спорты мен ұлттық күрес, зияткерлік ойындар мен садақ ату секілді сайыстар бар. Жалпы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.