Елордамызда өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында артық шығын мен ысырапшылдыққа жол бермей тиімді ұстанымдарға арқа сүйейді. Ойындарды өткізу үшін жаңа ғимараттар салынбай, қолда бар спорт құрылымдары тартылмақ
Салтанатты ашылуы «Астана Арена» стадионында жоспарланса, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде – дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтпек.
«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады. Ойынның жабылу салтанаты 14 қыркүйекте «Қазанат» ипподромында өтпек. Ұйымдастырушылар айтуынша, мұнда бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады екен.
Көшпенділер ойындары – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке.
Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам қатысушы қатысады деп жоспарлануда. Ұлы дала дүбіріне жиналатын спортшылар спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салмақ.