Франция астанасы Парижде өткен ХХХІІІ жазғы олимпиада өз мәресіне жетті.
Қазақстан спортшылары 7 медаль жеңіп алды. Нәтижесінде жалпы есепте 43-орынға тұрақтады.
Қазақстан осынша мөлшердегі медаль жиынтығын соңғы рет 2000 жылы еншілеген. Бұл – олимпиада ойындарындағы ең төмен көрсеткіш. Алайда, Токио олимпиадасына қарағанда медаль сапасы жақсарды. Ол жолы спортшыларымыз 8 медаль олжалап, барлығы қола болған.
Екінші олимпиада қатарынан Қазақстан бокстан алтын ала алмады. Бұл спорт түрінен 1996 жылдан 2016 жылға дейін 7 алтын медаль жеңіп алған едік.
Сонымен кімдер медаль алды?
Ел қоржынындағы жалғыз алтынды Елдос Сметов еншіледі. Ол дзюдодан 60 келі салмақта сынға түсті.
Сондай-ақ, қазақстандықтар үш күміс медаль иеленді. Гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді.
Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев (нысана көздеуден аралас командалық жарыс) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді.