Бұл әңгімелерді мен үлкендерден естідім. Естігенімді қағазға түсірейін деп шештім. Белгісіз һәм белгілі аймақта, бір шаңырақ астында Жүрсін мен Гүлсім деген кісілер өмір сүріпті. Екеуінің басынан өткен бұл оқиғалар аңғал мінез, дархан көңіл қазақтың бейнесін аша түсетін секілді.
Әңгімені Жүрсін атайдан бастайын.
Екі мыңыншы жылдардың бас кезі екен. Жүрсекеңнің ақсақал боп қалған кезі екен. Сөйтсе де, баяғы жастық жігері жасымаған, жалыны басылмаған көрінеді. Өзі ауыл мен «ауданның» ортасында өз шаруасымен үнемі шапқылап жүреді екен. Бірде ат арбамен, бірде жолай көлікпен, бірде жаяу дегендей.
Бір күні кезекті бір сапарға бет алыпты. Ауылдан біраз ұзағанша жаяу жүріпті. Күн де шамадан тыс ысып кетсе керек, тілі таңдайына жабысқан жолаушының жүрісі өнбепті. Енді бір-аз жүргенде көлікті көршісі ұшырасыпты. Оған «мінгесіп» аудан орталығының шетіне де ілігіпті.
Өз шаруасымен басқа бағытта асығып тұрған әлгіні «өз шаруасымен» жөнелтіп, өзі көліктен түсіп қалған беті екен. «Енді орталыққа қалай жетем?», – деп тұрғанда тағы бір көлік ұшырасыпты. Оң қолын көтеріп, ысқырып қалып әлгіні де тоқтатып алыпты. Жүргізуші жалғыз екен. Өзі жастау секілді. Жүрсекең сәлемін ала сала, жанына отыра кетіпті. Күн ыстық. Сол ыстықта жаяу жүргені бар. Шаршағаны бар. Шөлдегені бар. Оның үстіне көршісінің «Өз шаруасымен» бұрылып кеткені бар. Әбден титықтаған болуы керек. Жүрсекең жүргізуші жігітке: «Тарт!», – деген.
– Қайда барасыз, ата?, – депті қапелімде сөз таба алмай қалған жігіт, ақсақалдың асығыстығына қайран қалып.
– «Қайда барамыз емес, қайда апарып тастайын?» де, – деп желкеден бір түйіпті Жүрсекең.
«Жазған құлда, жазық жоқ». Жазықсыз жазаланған жүргізуші жолаушыны діттеген жеріне жеткізіп тастапты.
***
80-ші жылдары, ауылда Гүлсім деген апай болды. Жасы – сол кезде қырықтың жуан ортасында. Әлгі кісі ауылдық кеңесте жеңіл-желпі жұмыс істейтін. Жұмысы сол – совхоз директорының түрлі тапсырмасын орындайды. Кабинетін жинайды, аула сыпырады деген секілді.
Бір күні директор: «Гүлсім, ертең ауданнан Пәленшеев деген дөкей тексеріске келеді. Ауланы жақсылап сыпырып қой. Ұят болмасын!», – деп тапсырма береді.
Гүлекеңнің мінезі сондай, айтқанды екі ету жоқ. Бұйрықты орындамайынша тыным таппайды.
Сыпыртқысын қолына алып іске кіріседі. Ауылдық кеңес ғимаратының алдын айнадай жарқыратады. Директордың айтқан ертеңі келгенімен, дөкейі келмейді. Әне келеді, міне келеді деумен тура отыз ертең өтіпті.
Дәл отыз бірінші күні Гүлсім апай тағы да аула сыпыруға шығады. Үйреншікті әдетіне, күнделікті жұмысына айналып кеткен іске құлшыныспен кіріскені сол еді, қарсы алдынан әр адымын санап басып келе жатқан бөгде адамды көрді. Қалалықтарша киінген әлгі кісі тек қалалықтарға тән мәнерде сәлемдесіп, «Апай, не істеп жүрміз?», – деп сұрайды.
– Пәленшеев деген ит келеді деген соң, директордың тапсырмасымен бір ай болды осы ауланы сыпырып жүргеніме, – дейді.
Гүлсім апайдың бұл жауабына «көңілі толған» әлгі бейтаныс: «Сол ит менмін, апай», – депті де, қарапайым еңбек адамын босқа әурелегені үшін ауылдық кеңес директорын жазалапты. Ал, еңбекқор апайды төгілген маңдай тері үшін марапаттапты…
Ондай бастықтар қазір саусақпен санарлық қой.
***
Тоқсаныншы жылдар. Елдегі елең-алаңның шағы. «Оқудағы баламның қалы қалай екен?» деп қана уайым шеккен ата-анадан маза қашқан. Қалаға барып-келуге жағдай жоқ. Айына, кейде екі-үш айда бір қатынайтын ауылдастардан сәлем-сауқат жіберіп тұруға ғана мүмкіндік бар. Болмаса, ол да жоқ. Телефонмен тілдесу деген, мүлдем…
Сондай бір кездерде алыстағы ұлын ойлап зарыққан ананың шарасыз хәлі көз алдымнан кетпейді.
Баяғы Гүлсім апай өзінше пал ашып, ұлының амандық-саулығын білген болады. Ашқан палы да біртүрлі қызық. Құмалақ шашып әуре болмайды. Құлағына жын-пері сыбырламайды.
Бар қажеті – сіріңкенің 2-3 шиі ғана. Еденнің, орындықтың, сол секілді кез келген бұйымның ши қыстыруға ыңғайлы тұсы болса болды. Сол жерге бір шиді көлденеңінен қыстырып қояды. Екінші шиді жағып, әлгіні тұтатады. Сосын көлденең тұрған шидің соңына дейін жанып біткенін күтеді. Соңына дейін жанған ши бұралаң-бұралаң етіп билеп, соңында бір ғана бағытқа қарап, қисайып қатып қалады. Қисая күйген шидің басы теріс қараса, Гүлекең уайым шегеді. Күндіз күлкісі тыйылады, түнде ұйқысы бұзылады. Ал, ши бері қараса, ұлын көріп келгендей шат-шадыман күй кешеді. Көрші-қолаңды қонаққа шақырып, барымен базарлайтыны бар.
Гүлекең өзін осылай жұбататын. Қайран ана жүрегі-ай.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
(Сурет ашық ғаламтор беттерінен алынды)