Анау бір жылы ақын Жарқынбек Амантайұлымен әдебиеттегі жастар жайлы әңгімелесіп қалдық. Сол кезде ақын: «Меніңше, жас қаламгерлер, алдымен, сынау мен мінеуден гөрі, қолдауға, қолпаштауға зәру», – деді. Дұрыс айтты. Ашық айтты.
Ұлықбек Есдәулет: «Ең ұлы ақын – жас ақын», – деген еді бір өлеңінде. Бұл сөзге масаттанып, мастанып қалуға болады. Бірақ бұл барлық жасқа айтылмаған сөз. Нақтырақ айтсақ, Маралтай Райымбекұлына берілген баға. Бұл сөзді, сол кездегі жас ақын қалай қабылдағанын білмеймін, бірақ, оған оң әсер еткен болар деп топшылаймыз. Артылған сенім салмағын сезіне білген ол, қазіргі қазақ әдебиетінде құбылыс болуға талпынды. Онысы нәтижесіз болмағанына куәміз. Ендеше, жас қаламгерлер, жоқ дегенде, Маралтайдай болуы керек…
Ал, «Сынау мен мінеуге» келер болсақ, қазір жастар дұрыс сыналып та, мақталып та жатқан жоқ! Әрбір қалам иесі өз шығармасының оқылғанын, талқыланғанын, пікір білдіріліп, сыналғанын, мақталғанын қалайды. «Өзім үшін жазамын!», – деген түсініктің ар жағында, «Мені байқадыңдар ма?» деген ой жатқан секілді.
Орынды сын, дұрыс мақтау – жас қаламгерлердің шыңдалуына ықпал ететін негізгі күш. Ендеше, жас қаламгерлерге көрсетілер ең бірінші қолдау – шығармасының лайықты бағалануы. Екінші кезекте, сол шығармасы үшін құрметтелуі. «Әдебиет – ардың ісі» деп білетін әр жас қаламгер осыған қанағат етеді деп ойлаймын.
Ал, ақша мен атаққа бармай-ақ қояйын. Біздің арман мен ойдың шегі бар ма?
Студент кезімізде, белгілі ақындар Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің егіз кітап форматында жарық көрген «Ғаршы» және «Ғаусар» кітаптарының Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен тұсаукесер рәсімі есімде ерекше қалыпты. Ақ ниетті, пәк көңілді жас талаптар – біздердің шабытымызды шалқытқан сол бір кеште, әдебиет әлемінде, бұрын-соңды болмаған ғажап оқиға орын алды. Бұл сөздерді мен сол кездегі әсерді, кешкен күйді еске алып жазып отырмын. Иә, сол сәтте бұндай оқиға бұрын болмағанына бәс тігуге бар едім.
Баршамызға белгілі тәртіп бойынша, жаңа жыр жинағы жарық көргеннен кейін аузы дуалы ақсақалдар сәттілік тілеп, кітаптың тұсауын кесетін еді. Бұл жолы да солай болар деп топшылағанбыз. Бірақ, олай болмады. Ерлан Жүніс сөз алып, «Ортаға ең жас екі ақын шықсын!» деді. Бәріміз аң-таң болдық та қалдық. Әрқайсымыз шығуға даяр едік. Бірақ, оралдық қос жас Айбол Исламғали мен Асылан Тілеген бәрімізден озды. Біз ойланып тұрғанда, олар батыл қимыл жасап ортаға шықты.
Біздің әлгі екі досымызға қайшы ұстатты да: «Ал, кітаптың тұсауын сендер кесіңдер!», – деді Ақберен Елгезек. Ал, әлгі екеуі еш ойланбастан, еш қорықпастан қайшыға қол созды. Кітаптың белін буған қызыл лента сусып түсе берді. Бұдан әрі – ду қол шапалақ, құттықтаулар, ақжарма тілектер, мөлдір жырлар. Бұның барлығы үйреншікті жайт болса да, кеш шымылдығын түрген екі жас талаптың да, біздің де көңіліміз көкке жеткендей болды. Бұл да жас қаламгерлерді қолдаудың бір түрі. Жанашырлықтың белгісі. Аға буын мен іні буынның рухани сабақтастығы, ағалардың жанашырлығы осындайда көрінеді.
Жас қаламгерлердің кітаптары мемлекеттік тапсырыспен, әкімдік, басқарма тарапынан, демеушілер қолдауымен талай мәрте жарық көрді. Ал, үлкен ақынның жас ақынды қолдап, жинағын шығарып беруі – сирек. Сондай ерекше қолдаудың бірі – Батырхан Сәрсенханның жинағының жарық көруіне Қалқаман Сарин бас болған еді.
Жоғарыда аттары аталған жастар қазір «орда бұзар жаста». Құлын күнінде танылған талапкерлер, тұлпар болды. Бір-екі мысалмен ғана аға буынның жастарға жанашырлық танытуы жайлы сөз еттік. Қайталап айтамын, бір-екі мысалмен ғана. Бұндай жанашырлық – алдыңғы толқын мен кейінгі толқынның үндестігін көрсетеді, байланысын нығайтады. Қамқорлық шынайы жанашырлықтан тууы керек. «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмайтынын» да ұмытпағанымыз жөн.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
(Сурет ашық ғаламтор беттерінен алынды)