Қазақ ән өнерінің алыбы Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдық мерейтойы дүбірлі думанға айналады.
15-тамыз күні, сағат 10:00-де, Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының концерт залында «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» атты рсепубликалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өтеді. Байқауға Астана, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу және т.б. өңірлерден ұлттық ән өнерінің жас саңлақтары қатыспақ. Қазылар алқасының құрамында Клара Төленбаева, Нұржан Жанпейісов, Бекзат Әбілдин, Амангелді Қожанов сияқты белгілі әншілер болады. Қазылар алқасының төрағасы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.
Ал 16-тамыз күні, сағат 11:00-де Баянауыл ауданы, Мойылды шатқалында мерекелік іс-шара жалғасын таппақ. Онда Жаяу Мұса Байжанұлының мұрасы дәріптеліп, өңіріміздің әр ауданынан келген өнерпаздар сахнаға шырайын кіргізеді.
Сондай-ақ қазақ айтысының екі буыны арасында сөз сайсыы өтпек. Додада Серік Құсанбаев, Алтынкүл Қасымбекова, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Балғынбек Имашев, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев сияқты төл өнеріміздің тарландары бақ сынасады.
Іс-шараның арнайы қонағы – «Музарт» ансамблі.
Аттыдан Жаяу жүріп кек алған даңқты баба Жаяу Мұса Байжанұлының дүбірлі тойында кездескенше!