Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында талантты музыкант Жәнібек Жәмиевтің, сондай-ақ Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашылары мен дәстүрлі ән салу солистерінің қатысуымен «Құлағыңнан кетпесін» атты ұлттық өнер кеші өтеді.

Бұл кеш күй халықтың тірі шежіресі ретінде ашылып, ал әуен жүректің шынайы сырласуына айналатын қазақ дәстүрлі мәдениеті әлеміне терең музыкалық саяхат болмақ. Кеш қонағы – Дина Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптарының академиялық оркестрінің артисі Жәнібек Жәмиев. Ол – домбыра өнерінің шебері, сахналық мәдениеті айқын қалыптасқан, өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар орындаушы. Оның интерпретациясында әр күй бейнелілік пен ішкі драматургияға ие болып, әсерлі әрі шынайы естіледі. Артист ұлттық аутенттілікті заманауи сахналық ойлаумен нәзік ұштастырып, өз өнеріне айрықша мәнерлілік береді. Жәнібек 2024 жылы Павлодар қаласында өткен, Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына арналған «Жастық шақ» республикалық байқауында Гран-при иегері атанды.
Талантты музыканттың қатысуымен өтетін кеш бағдарламасы дәуірлер арқылы саяхат ретінде құрылған. Бірінші бөлімде халық және аңыз күйлері орындалады. «Ақсақ құлан» секілді туындылар көне тарих беттеріне үңілуге мүмкіндік береді. Артист өткен ғасырлардағы күйші бейнесінде сахнаға шығып, сахналық безендіру уақыт рухын айшықтай түседі.
«Құлағыңнан кетпесін» концерті – бұл өнерге тағзым, дәстүрге құрмет және көрерменмен шынайы сұхбат. Осы күні шырқалатын музыка тыңдарман жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Кіру – тегін.
Өтетін орыны: Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы (Назарбаев даңғылы, 1)
Өтетін күні, уақыты: 18 наурыз, сағат 15:00-де
