Қазақтың қасиетті даласында киелі мекендер аз емес. Әр өңірдің өз жүрек лүпілі, өз болмысы бар. Сондай бір рухы биік, үні асқақ өлкелердің бірі – Май ауданына қарасты Баскөл ауылы. Туған жерге тағзым – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақтың да берік міндеті. Ал елге қызмет – еңселі ерліктің белгісі. Осы орайда, 2025 жылдың 7 қыркүйегі – Баскөл халқы үшін тарихи күнге айналды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылда бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты. Соның ішінде ең үлкен жаңалық – ұзақ жылдар бойы жөндеуді қажет еткен мәдениет үйі мен А.Иманов атындағы лицей-мектептің күрделі жөндеуден өтуі. Жөндеу жұмыстары аясында ғимараттардың электр және жылу жүйелері толығымен жаңартылып, аумақ абаттандырылды, ішкі және сыртқы әрлеу жүргізілді. Сондай-ақ, ауылішілік жолдарға да ерекше көңіл бөлініп, тұрғындар көп шоғырланған көшелерге қиыршық тас төселді. Мердігер – «Павлодар жолдары» ЖШС.
Ауыл – қазақтың тамыры. Сол тамырды тереңге тартатын, ұлттық болмысты биіктететін бірден-бір құндылық – мәдениет. Мәдениет – елдің еңсесін, халықтың рухын көтеретін сала. Міне, сол еңсе бүгін тік көтерілді. Кеңестік дәуірде, 1978 жылы іргетасы қаланған Баскөл мәдениет үйі – талай дарын иесінің алғашқы сахнасы, халықтың шуағын шашқан шырағы болғаны ақиқат. Енді, міне, жаңа кейіпте, жаңарған кейіпте қайта түлеп, халық игілігіне есігін айқара ашты.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл игі іс – тек бір ғимараттың жөнделуі емес. Бұл – рухани тамырдың тереңдеуі, халықтың өнерге, тәрбиеге, тарихқа деген құрметінің көрінісі. Сахнасы жаңарып, LED-экранмен жабдықталып, техникалық мүмкіндіктері толығымен жаңартылған мәдениет үйі – енді заманауи талапқа толықтай сай.
Шараның шымылдығы айтыскер ақын Ерлан Аманқожаның арнауымен ашылып, халықтың жүрегін шымырлатса, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғабит Сапаровтың өлеңі көптің көңіл пернесін дөп басты. Жүргізушілер ұлттық рухты ұлықтаған сөздерімен жиналған жұртты ерекше күйге бөледі. Ауыл ақсақалы Жанболат Шахметұлының берген батасы – осы шаңырақтың шырағын одан әрі маздата түскендей. Бата – елдің тілегі, елдің сенімі. Сол сеніммен қиылған лента – алдағы күндердің үкілі үмітінің нышаны.
Лента қию мәртебесі жергілікті өнер майталманы, сазгер Азамат Абдрахманов пен республикалық деңгейдегі жас дарын Ерсұлтан Қайыркенге бұйырды. Бұл – руханият пен білімнің, өнер мен өскелең ұрпақтың сабақтастығы. Халық қуанса, тарих тербеледі.
Лента қиылғаннан кейін жиналған қауым мәдениет үйінің фойесіне бағытталып, Павлодар қаласындағы «География үйі» қоғамдық ұйымы ұйымдастырған Ертіс өңірінің құстары мен Май ауданының сакралды нысандарына арналған мазмұнды кітап көрмесін тамашалады. Ал екінші қабаттағы хореография залында балалар би ұжымдарының дайындық барысы көрсетілсе, сол маңдағы кітапханада Баскөл ауылынан шыққан танымал тұлғаларға арналған көрме қойылды. Бірінші қабатта халық шеберлерінің қолөнер бұйымдары көрермен назарына ұсынылып, салтанатты шараның мазмұнын толықтыра түсті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қадылжан Сәтиев қатысып, ауыл тұрғындарын игі бастамалардың сәтті аяқталуымен құттықтады. Ол бұл нысандардың әлеуметтік-мәдени өмірге зор серпін беретініне сенімді екенін айтып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуі мен ауылдың рухани дамуына қосар үлесін ерекше атап өтті. «Мәдениет – ұлттың жаны, елдіктің рухани тірегі. Ал мәдениет үйі – өнер мен шығармашылықтың жүрегі. Бұл игі іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының нақты жемісі», – деді Қадылжан Сәтиев. Сонымен бірге, бағдарлама аясында ауылішілік көше жарықтары орнатылып, мектеп жаңартылғанын, Жаңатілек пен Бозша елді мекендерінде кіреберіс жолдары асфальтталғанын, ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға Бозша ауылындағы мәдениет үйінің жөндеуден өткенін де атап өтті.
Аудан әкімі мәдениет пен білім саласында көп жыл еңбек еткен жандарды «Алғыс хатпен» марапаттады. Бұл – тек құрмет қана емес, өткенге тағзым, еңбекке әділ баға. Ауыл тіршілігінің ұйытқысы, ауданы тынысының дәнекері болған Бәтима Құспекова, Бақыт Қаппарова, Рысалды Исина, Ботагөз Темірғалиева, Биғайша Сатыбалдина, Раш Рахымбекова, Рабиға Аушаихова, Азамат Абдрахманов, Жанұзақ Балкенов, Шариза Исенова, Закира Ихсанова, Рустам Ықласов, Санат Камалиев сынды арда азаматтар – шын мәнінде, ауданның алтын арқауы.
Жүрекке жылу ұялатқан тағы бір жайт – замандас азаматтардың, кәсіпкерлердің елге деген жанашырлығы. Бұл – ұлтқа қызметтің жаңа үлгісі.
Кештің сәнін кіргізген концерттік бағдарлама – бір мектеп, бір дәстүр, бір тарихтың көркем көрінісі. Ән мен күй, би мен арнау, барлығы да елдің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатты. «Әсем» вокал тобы, «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблі, «Шұғыла» би ұжымы – бәрі де туған жерге деген перзенттік махаббаттың дәлеліндей сахнада өнерден өрнек салды. Халық шығармашылығының қайнар көзіне айналған бұл кеш – жүрекке рух, жанға қуат берген шынайы мерекеге ұласты.
Баскөлдің бүгінгі жаңарған мәдениет үйі – кешегі тарихтың, бүгінгі еңбектің, ертеңгі үміттің көрінісі. Бұл – рухани шырақ. Бұл – ұлттың өзегін жарып шыққан өнердің ошағы.
Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген еді. Бесігін түзей білген ел – болашағын бекемдеген ел. Баскөлдің бүгінгі жаңғыруы – сондай бекемдіктің белгісі.
Кез келген ғимарат тек кірпіш пен бетоннан тұрмайды. Ол – адамдардың арманы мен үмітінен, маңдай тері мен махаббатынан құралады. Баскөл мәдениет үйі – соның дәлелі. Бұл – тек бір ғимараттың ашылуы емес, бұл – тұтас бір буынның рухани қайта түлеуі.
Сөз соңында оқырманға ой тастайық: “Өз ауылыңа жасаған жақсылығың – ұлтқа сіңірген еңбегің”.
Айбек ОРАЛХАН
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.