Биыл – майдангер жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қалмұқан Исабайдың туғанына 100 жыл толды. Қаламгердің мерейтойына орай Баянауыл ауданы әкімдігі «Aiqara.kz» әдеби порталымен бірлесіп, облыстық прозалық шығармалар байқауын ұйымдастырды.
Үміткерлердің жасына шектеу қойылмаған әдеби байқау әңгіме жанрында өтті. Бірнеше кезеңді қамтитын байқаудың іріктеуіне облысымыздың түкпір-түкпірінен отызға тарта қаламгер қатысты. Оларыдң ішінде үздік 17 шығарма іріктеліп, бағалау үшін қазылар алқасына берілді. Ереже бойынша, марапаттау рәсіміне дейін қазылар құрамы жарияланбайды және оларға шығармалар автордың аты көрсетілмей, нөмірленіп ұсынылды. Бұл – байқаудың әділ өтуіне мүмкіндік береді.
Бүгіннен бастап, шығармалар, авторы көрсетілмей, Aiqara.kz әдеби порталында жарияланды. Әр шығарма көркем әдебиет сыншыларының, қазылар алқасының, сарапшылардың, оқырмандардың қатысуымен жеке-жеке талқыланады. Талқылаулар қазылар алқасының шешіміне әсер етпейді.
Байқаудың қорытындысы тамыз айында мерейтой иелерінің құрметіне арналып Баянауылда өткізілетін салтанатты жиын барысында шығарылады. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және Баянауыл аудандық әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Жазушы Қалмұқан Исабайдың ізбасарларының әдеби байқауында кімнің маңдайы жарқырап, жұлдызы жанатынын асыға күткен оқырман, бізбен бірге болыңыз! Жеңімпаздың есімі жарияланар күнде жүздескенше!