Армысыз, ағайын!
Өздеріңізге бір мүшел жас шамасында рухани азық сыйлаған «Naizatas» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының баспа нұсқасындағы 2023 жылдағы соңғы саны қатталуда. Келер жылдан бастап журнал электронды форматқа ауыстырылады. Сонымен қатар, шектеулі таралыммен жылына 3 рет баспа нұсқасын да шығарамыз деп жоспарлап отырмыз.
Өмір-өзен сырғып барады. Мәңгілік ештеңе болмайды. Хакім Абайша айтсақ: «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек»,- демекші біз де сол ұлы көшке ілесіп алға жылжып барамыз.
Айналамызға көз жүгіртсек ақпараттық технологияның қарқынды дамыған тұсында күн санап емес, сағат-секунд сайын бір жаңашылдық енуде. Жаһанданудың жылдамдығына ілесіп, бәсекелестік «майданында» күресіп, бар екенімізді білдіру – күн талабы болып қалуда.
Иә, қимастық сезімі бар. Қайткенмен де он жылдан астам уақыт әдеби ортада бір-бірімізге бауыр басып қалғанымыз рас. Журналдың алғашқы санының жарық көруінің куәгері ретінде мен алғашқы редактор Ғалымбек Жұматовтың, жауапты хатшы марқұм Арман Қани ағамыздың, әдебиет жанашырлары Ақын Алақанұлы, Виктор Семирьянов, Серік Елікбай, Шолпан Байғалы, Ольга Григорьева т.б. аға буын өкілдерінің өлшеусіз еңбегін ерекше бағалаймын. Әдебиет айдынына кейін қосылған Асыл Әбіш, Айбек Оралхан, Еламан Қабдыләшім сынды ізбасарлары да ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі бола білді.
Мазмұны мен көркемдігі жағынан біз ешкімге есе жібермегенімізді мақтан етеміз. Қасиетті Ертіс-Баян өңірінде әдеби орта қалыптастыра алдық. Тіпті қалам ұстаған аға буын артынан әдебиетке құштарлығы бар жастардың тұтастай легін таптық. Өткенге көз жүгіртсек олар да бүгін зиялы қауым ортасында абыройы асқақ тұлғалар болып қалыптасып қалыпты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей өмір бір орында тұрмайды. Нарық бізді заманауи болуға шақырады. Нарық дегеннен шығады бұл жүйеде бәсекелестік деген тұтынушының, яғни оқырманның сайысы болады екен. Бәсіміз жығылған біз жоқ. Ұлттық құндылықтарымызды жоғары ұстап, сапалы әдебиет жасай алдық беп білеміз. Аянған жеріміз болмады.
Әттең-айы, уақыт өте келе біз салаға жұмсаған шығындарымыздың экономикалық жағынан тиімсіздігіне кезіктік. Журнал өндірісі айтуға ғана оңай дүние. Шынымен де біз қағаз, баспа шығыны сынды бірқатар факторлар тиімсіздігін түсіндек. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды күн тәртібінен түсіруге болмайтыны тағы бар. Бір жағынан кітап, газет-журнал оқымайтын буын келіп, нарықтағы сұраныстың да төмендеп кеткені аяққа тұсау болып отыр.
Осы айтылғандарды електен өткізіп, зерттеп-зерделей келе жаңа жылдан бастап жаңаша форматта – журналдың электронды нұсқасын шығарып көрсек деген байламға келдік. Соңымыздан ерген қалың қол – мыңдаған оқырмандар армиясы тұрса мұндай қадамға бармас па едік, кім білсін?!
Ендеше, біз Сіздермен қоштаспаймыз. Жаңа нұсқада жаңашылдығымыз бен ізденімпаздығымыздың жемісін бірге көретінімізге кәміл сенгім келеді.
Құрметпен – Жұмабек СМАНОВ,
бас редактор.