Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен 26 орынға тұрақтады. Спорттық гимнастикадан тарихи күміс жүлдені қоржынымызға Нариман Құрбанов салған болатын.
Сондай-ақ, былғары қолғап шебері Нұрбек Оралбайдың жартылай финалға өткенін ескерсек алдағы күндері отандастарымыздан тағы сүйінші сұрайтынымыз анық. Әйелдер арасында Назым Қызайбай да медаль үшін таласатын болады деп сенеміз.
Жеңіл атлетика сайыстарында 3000 метрге бөгеттер арқылы жүгіруден бақ сынап жатқан Нора Джерута іріктеу кезеңінде үздік бестікті түйіндеп, финалға ілікті.
Ал, 200 метрге жүгіруден ұлттық құрама туын ұстап шыққан Ольга Сафронова жұбаныш айналымында өнер көрсететін болады.
Бүгін отандастарымыз стенд атудан сынға түспек. Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенкоға сәттілік серік болсын.
Грек-рим күресінен 60 кг салмақ дәрежесіндегі Айдос Сұлтанғали, 130 кг салмақ дәрежесінде Әлімжан Сыздықовтар боз кілемге шықпақ.
Еске сала кетейік, Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда аяқталады.
Олимпиада ойындарына әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.