Франция астанасы Парижде апта бұрын жалауы көтерілген Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшылар біраз жеңілістің ащы дәмін татып үлгерді. Бүгінгі таңға дейін ерлерден үш атлетіміз бен әйелдер арасында Валентина Хальзова жарыс жолынан шығып қалды.
Медаль әкеледі деп үкілеген жігіттеріміз жұдырықтасуды бірінші айналымнан аяқтады. Ұлттық құрама капитаны, 71 келі салмақтағы Асланбек Шымбергенов пен 92+ салмақ дәрежесіндегі Қамшыбек Қоңқабаевтар қарсыластарынан айласын асыра алмады. «Қазақтың Ломаченкосы» деп айдар таққан
Сабыржан Махмұд бір қарағанда испандық қарсыласын «қуып жүріп» сабағандай болған. Төрешілер шешімі басқадай болды.
Бұрымдылар арасында 75 келі салмақта өнер көрсеткен Валентина Хальзова алғашқы екі раундта 3:2 есебімен басымырақ көрінген. Шаршаңқы басталған үшінші кезеңде Панама Республикасынан келген қарсыласы Атейны Байлонға жол беріп қойды.
Дегенмен отандастарымыз алдағы уақытта былғары қолғап шеберлерінен медаль күтетіні анық.
Жұртшылық тамыздың екісіне белгіленген Сәкен Бибосынов (51 келі) пен оның «ежелгі қарсыласы» Хасанбой Дусматов арасындағы кездесуді тағатсыздана күтуде.
Ширек финалға жолдама алған Мұхамедсабыр Базарбайұлының қарсыласы да осал емес. Әлем чемпионаттарында екі мәрте қола алған, Еуропа ойындарының күміс жүлдегері гүржілік Лаши Гурулимен шеберлік байқасады.
Ал Айбек Оралбай болса келесі кезеңде әзірбайжандық Лоренс Альфонсомен күш сынасып көрмек. Бакуден келді демесең түбі кубалық бұл спортшы 1/8 финалда анау-мынау емес әлем боксының жарқын жұлдызы ла Крусты жолдан тайдырғанын ескерсек, Айбекке оңай болмасы түсінікті.
Өткен кездесуінде Каллум Питерстен басым түскен Нұрбек Оралбайдан жеңіс күтеміз. Алғашқы айналым Нұрбекке оңай тимеді. Австриялық боксшы барын салып бақты. Тіпті екінші раунда төреші біздің былғары қолғап шеберіне нокдаун есебін ашқанда алаңдағанымыз бар. Бұл жолы бақ пен бабы қатар шапса екен деп тіледік.
Назым Қызайбай мен әлі жарыс жолына шықпаған Карина Ибрагимовалардан да жүлде күтетініміз жасырын емес.
Еске сала кетейік Париж Олимпиадасы 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында Франция астанасы Парижде өтуде. Медаль кестесінде 1 алтын мен екі қола иеленген Қазақстан құрамасы 16 орында келеді.
Қытай 9 алтын, 7 күміс және 3 қоламен көш бастаса, алаң иелерінің қоржынында 8 алтын, 10 күміс, 8 қола барлығы 26 медаль бар. Үштікті 8 алтын, 3 күміс және 4 қоласы бар Жапония түйіндеп тұр.