ХХХІІІ жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасы әзірге 8 орында келеді. Қоржынымызда 1 алтын мен екі қола медаль бар.
Алғашқы медальді мергендеріміз Ислам Сатпаев пен Александра Ли бірлескен өнер көрсетуінде қанжығаға салды. Кейін дзю-додан 60 келі салмақта Елдос Сметов алтыннан алқа тағынды. Бұған дейін ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс, Токиода қолаға қол жеткізген еді. Сондай-ақ 66 келіде Ғосман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Ол жартылай финалға шыққан спортшы бразилиялық Виллиан Лимадан жеңіліп қалды. Алайда үшінші орын үшін тартыста сербиялық Страхиня Бунчичті жеңіп тұғырға көтерілді.
Бокстан ұлттық құрама мүшелері Париж төріндегі рингке шықты. Алғашқы кездесуінде 63,5 келі салмақтағы спортшымыз Мұхамедсабыр Базарбайұлы испандық қарсыласы Ойер Ибаррече Кондені 5:0 есебімен жеңді. Ал, 92 келіге дейін Айбек Оралбай нигериялық Адам Олаордан басым түсті. Өкінішке орай, құрама капитаны Асланбек Шымбергенов Иордания былғары қолғап шебері Зияду Ишайшудан айласын асыра алмай, жарыс жолынан шығып қалды.
Қыздар боксынан ел үміт артқан Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады.
Еске сала кетейік Париж Олимпиадасы 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында Франция астанасы Парижде өтуде.