Иса Байзақовтың туғанына – 125 жыл

Әйгілі ақын Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толуына орай айтыскер ақын Мизан Жұмәлі «Дауылпаз» поэмасын жазып, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қолдауымен жарыққа шығарды.
Кітаптың алғысөзінде «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер оджағының» Павлодар облыстық филиалының төрағасы Аспанбек Шұғатай:
«Жеті тараудан тұратын бұл шығарма – әр кезеңнің өз үні, өз шындығы: «Зарлық» – бұл ұлттың зар заманын Иса көкірегімен сезіну; «Бақ-талас» – талант пен тағдырдың тайталасы. Ақынның әр сөзі – сын, әр сәті бақ таласы; «Тастүлек» – жыр қанатындағы Иса. Бұл – оның жастық шағы, құс қанатындай еркін, от жалындай отты кезеңі; «Иса-Шәрбану» – нәзік жүрек иесінің ішкі әлемі, сүйгені мен сүйініші; «Шарболат шақ» – күрес пен кемелдік тұсы. Қайрат пен қасиет тоқайласқан уақыт; «Арлан үні» – Иса үнінің ұрпаққа жеткен жаңғырығы. Бұл – ұлт намысының дауысы; «Соңғы дем» – рухтың мәңгілікке айналған сәті. Ақын өлмейді – ол үнімен ел жадында мәңгі қалады…» – деп жазыпты.
Оқырман назарына Иса өмірінің «күрес пен кемелдік тұсы; қайрат пен қасиет тоқайласқан уақыт» бейнеленген «Шарболат шақ» тарауын ұсынамыз.
ШАРБОЛАТ ШАҚ
(поэмадан үзінді)
…Театр ашты алғаш Сыр еліне,
Сыйдырып ұлт өнерін жүрегіне.
Әміре мен Иса жүр отбасымен,
Айналып алтын қазық тірегіне.
Екеуі оза шығып елден дара,
Атағын таратуда жел мен дала.
Әміредей әнші жоқ қазақ үшін,
Исадай ақын жоқ деп берген баға.
Бір сәтке босамастан қол дәптерден,
Қырандай көкте қанат қомдап керген.
Бірнеше пьесаны жазып шығып,
Және де рөлін өзі сомдап берген.
Санадағы серпілтіп түнді түріп,
Өлең-жырдың кәусарын білді тұнық.
Біржан-Сара айтысын театрдың,
Төріне алып шықты тіл бітіріп.
Қарашы, шебер Құдай жаратуын.
Өнердің желбіретті дара туын.
Сомдаған рөліне кіріп кетсе,
Өзін Иса ұмытып қалатұғын.
Аралап Бішкек, Ташкент, Алматыны,
Білім деген батуда балға тілі.
Әр ортадан шыңдалып шарболаттай,
Алаштың бір азулы болды ақыны.
Талай менмен айтыста ұтылатын,
Ақ сазандай жайынға жұтылатын.
Үкілі Ыбырай да мейірі қанып
Ақ батамен сездірген ықыласын.
Ұлы өнерді мініп ап пырақ қылып,
Соңынан қою шаңды шұбаттырып.
Әуезовтың өзі де басын шайқап
Әуезіне ұйыған құлақ түріп.
– Жырларың Сарыарқаның самалындай,
Ешкім аспас, тым асқақ қамалындай.
Жүз жылда бір туатын жансың, Иса!, –
Деп кеткен кең болар ма аға мұндай.
Иса да ағасына еркеледі,
Кең жайылып көңілінің көрпелері.
Дәл осындай сыйластық ешкімде жоқ,
Көре алмастың өзегі өртенеді.
Әрі аға үлгі тұтар, әрі дарын.
Бір бойынан табатын бәрі-бәрін.
Шәрбануды жанына ертіп алып,
Бетке алды, Мұхаң аға шаңырағын.
Әзілін тауып сөйлеп, жарға күліп,
Келеді жарқын бейне алға жүріп.
Жол бойында бір кемтар өтініп тұр:
– Садақаға берерің бар ма, жігіт?
Шырайлы жүзі күле бұрып бетті,
Шын мұқтаждан ат басын ірікпепті.
Қалтасынан беретін таппағасын,
Арқасына шапанын іліп кетті.
Біледі жомарттықтан кемімесін,
Шәрбану деді Исаға желігесің.
– Кісі үйіне қонақ боп бара жатып
Бәрін беріп енді өзің не киесің?
– Бермесем шын мұқтажға барым қайда?
Қадірім жоқ ұқсаман қарын байға.
Ат-шапан бұл Исаны өзі іздейді
Қайда барсам алдымнан табылмай ма.
Сүйсініп арысының бұл ісіне,
Балады азаматтың ірісіне.
Адамдарға тірлікте үлгі болды,
Бірін-бірі бағалап тірісінде.
Шын жүйрік, Иса емес пе, құланаяқ,
Ал, Мұхтар түбі терең ұрадай-ақ.
Еркелеп кеп үйіне ағасының,
Киіп алды бір шапан сұрамай-ақ.
– Ақын болсаң жауындай төккен жыры,
Құдайдың жауған саған көктен нұры!
Қане, қалай жырлайсың, – деді Мұхтар –
Мен өмірден бақиға өткен күні.
Иса да тап бермеде мүдірмеген,
Тіпті ойланып сәл тұрып кідірмеген.
Құлағын домбыраның бұрай сала,
Шабаттың қызыл шоғын бір үрлеген.
Іздегенге бергендей сұрағанын,
Сый ғып тартты көкесін сыбағаның.
Қабырғасы қайысып өлеңіне,
Өтінді әрмен қарай құрамауын.
Дегенде,
– Жүйрікпісің, жорғамысың,
Қанға біткен көрсетті толғанысын.
Жалындап топ ортаға түскен кезде,
Өршеленіп кететін өр намысым.
Жүргенде жұрт ішіне таратып ән,
Қайрылды қайран Иса қанатынан.
Шәрбануды тапсырып жер қойнына
Көңіліне орнады қара тұман…
Дариға-ай, кімге опа қысқа жалған,
Кімдер бар уақытты ұстап алған?!
Сүйіктісін ап кетті бір-ақ сәтте,
Ажалдың жүзі өткір ұстараңнан.
Осы ма шаңырақтың шайқалғаны,
Қанша жерге шыдайды қайсар жаны.
Шәрбанудай кім оған жар болады?
Ол сезімнің ұшқыны байқалмады.
Шыдайды мұң-күйікке ердің ері,
Ет-бауыры езіле елжіреді.
Қимасын шарасыздан қиып беріп,
Бәріне төзді шыдап кең жүрегі.
Көзінің жасқа толы тостағаны,
Ішінде дауыл, өрттей жоспары әлі.
Тағдырдың жолын қайта жалғай берді,
Күлдей ұсақ жетелеп қос баланы.
Өнерден өшпес жалын қуат берген,
Жырына мәңгі сөнбес шырақ берген.
Тағдырға таудай ауыр сынақ берген,
Сонда да бір майыспай шыдап берген.
Сарыарқаның салкүрең саңлағы,
Бойында тұр Исаның жалыны әлі.
Әбділда Тәжібайдың шаңырағында,
Бір келелі кеш болмақ мағыналы.
Жиылып қасқа-жайсаң әулетіне,
Сән кірді, Әбділданың сәулетіне.
Бесігінде қошқардай ұл бұлқынып,
Бір отырыс жасады бауыр етіне.
Ізгі тілек айтуға досқа ұнаған,
Мәртебелі меймандар басты қадам.
Рошал, Вера, Виктор деп таныстырды,
Арнайы шақырылған Москвадан.
Алматы алып асқақ шаһарына,
Алғыс деп келгендердің сапарына.
Сәбит, Мұхтар, Құрманбек, Иса бастап,
Жайғасты құрметтілер қатарына.
Алыстау болғанымен арақашық,
Шетінен кетті бірден араласып.
Жазушы, ақын, актер, актриса.
Отырған біреуі жоқ қара басып.
Алматыға бұрылып қадамдары,
Бұл үйге тиіп жатқан табандары.
Атақты Пушкин ақын шәкірттері,
Орыстың ең зиялы адамдары.
Белгісіз қонақтардың бабы қандай,
Сұрады мықтыңыз бар тағы қандай?
Сол сәтте Иса түсті естеріне,
Орманды отап келген қабыландай.
– Бар десеңдер қазақтың қандай ұлы?
Міне, Иса бар, талабы таудай ірі.
Таңнан таңға жырлайтын суырып сап,
Ақынның осы деді даңғайыры.
Сол сәтте жұрттың бәрі тына қалды,
Иса да домбырасын бұрап алды.
Вера Павлова сынамаққа,
Секіріп орнынан тұра қалды.
Дегендейін мұнда неге жоладың,
Достары тұр іштен ойлап обалын.
Олсыз да бар, әр кәллада бір қиял,
Аяйын деп тұрған жоқ-ау қонағың.
– Ал ақыным, қолына алсын аспабын,
Сұрағыма уақыт берем қас қағым.
Пушкинның шығармасын атады.
Шие ерін, үлбіреген жас ханым.
«Клеопатра» – әйел патша зерек тым,
Депті маған тым ерекше керек түн.
Төсегімде ессіз ләззат сыйлайтын
Жүрек жұтқан жігіт бар ма демекпін?
Ер адамның саусақ ұшы тимеген,
Құшып тұрып ақ тамағын сүймеген.
Қос анары пісіп-ақ тұр, шіркін-ай,
Қандай батыр ағытады түймеден.
– Шартым да бар ол жігітке қоятын:
Түні болсын бар қызыққа тоятын.
Арқан бойы күн ұядан шыққанда,
Сарбаздарым көзін оның жоятын.
Міне осылай танытыпты қыз қылық,
Жігіттерді желіктіріп, қыздырып.
Бір сәт үшін бар өмірін арнамақ,
Үш батырдан үн шығыпты үздігіп.
Міне осындай шығарманы түйінде,
Қане, көрсет қызыл тілің сүйір ме?
Әйел патша қандай адам жалғап көр,
Мында отырған бір жырлап бер дүйімге.
Өтінішін бірден Иса құп алып,
Шықты ортаға қос білегін сыбанып.
Найзағайдай от ойнап қос көзінен,
Қобалжудың орнына тұр қуанып.
Домбырасын жоғарылау күйлепті,
Көп ойланып тұруды аса сүймепті.
Зерек ақын әңгімені қағып ап,
Шабытпенен жалғастырып бүй депті:
«Ду-думан ұлы патша ордасында,
Болмаған ондай жиын бұл ғасырда.
Жинаған батырларын, ақындарын,
Қалдырмай жортағын да, жорғасын да.
Ортада күндей жарық патша қатын,
Жұрт сүйіп Клеопатра қойған атын.
Көк теңіз, Қызыл теңіз жағасында,
Асырған бар патшадан салтанатын.
Өзі жас, кең маңдайлы, ақ сәулелі,
Ақылды ән-жырға бай, асқан сері.
Қол бастап жауын жеңіп қайтқаннан соң,
Осылай жинайды екен туған елін».
Деп жалғады әңгіменің аяғын,
Кейде екпінді, ал кей жерде баяу үн.
«Браво!» деп қошеметтеп тұрады,
Кіргізгенде ақының жан бояуын.
Қаршығадай көзбен шолып әр шетті,
Ағыл-тегіл толастатамас ән төкті.
Мысын басып төрде отырған қонақтың,
Дала ақыны бір-ақ сәтте жарқ етті.
Қағылды ма бойындағы шайтаны,
Павлова еріксіз бас шайқады.
Алғашқыдай екпіні де басылып,
Таңдай қағып былай болды айтары:
– Шіркін, сенің болмысыңа таңданам,
Тұлпарсың-ау жүрісінен танбаған.
Бәлкім, сендей ұл таппаса егер де,
Қарыздар-ау мынау байтақ паң далаң.
Міне осылай шарықтады асқақ үн,
Ойлаған жоқ күйкі тірлік бас қамын.
Халқы сүйіп, өнеріне тәнті боп,
Биіктеді жылдан-жылға хас дарын…

Құрметті оқырман, 5 қараша күні, сағат 17:00-де С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада, «Кестелі сөз» жобасы аясында, «Дауылпаз» поэмасының авторы Мизан Жұмәлімен кездесу өтеді.
