3 қазан күні Павлодардағы С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жазушы Ғалымбек Жұматовтың «Ленинград: от пен мұз» атты романының тұсаукесері өтеді.
Роман Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қайғылы әрі қаһармандық кезеңдерінің бірі – Ленинград блокадасы, сол майданда шайқасқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, сондай-ақ соғысқа дейінгі геосаяси текетірес, алып державалар арасындағы астыртын саясат, дүниежүзілік үстемдікке талас сияқты тарихи тақырыптарды кең көлемде қамтитын көркем туынды.
Кітапта тарихи фактілермен қатар, нақты кейіпкерлердің тағдыры арқылы оқырман ХХ ғасырдың ең сұрапыл кезеңіне терең үңіледі. Автор тек әскери оқиғаларды емес, соғыстың себебі мен салдарын, мемлекеттер арасындағы мүдделер қақтығысын да көркем тілмен жеткізеді.
Ленинград блокадасы (1941–1944 жж.) 872 күнге созылып, 1 миллионға жуық бейбіт тұрғын аштықтан, суықтан және бомбалаудан қаза тапқан. Қала тұрғындары аса ауыр жағдайда жауға берілмей, жанқиярлықпен қарсы тұрды. 1943 жылы 18 қаңтарда «Искра» операциясы нәтижесінде блокада ішінара бұзылып, ал 1944 жылдың қаңтарында қала толық азат етілді.
Айта кетсек, Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы 1 қыркүйекте Германияның Польшаға шабуылынан басталған. Бұған дейін Германия мен Кеңес Одағы арасында жасалған Молотов — Риббентроп пакті бойынша Шығыс Еуропа ықпал аймақтарына бөлінді. Осы келісім негізінде Кеңес әскері Польшаға, Балтық елдеріне және Бессарабияға басып кірді.
Соғыстан кейін алғашында Жеңіс күні кең көлемде аталып өтсе де, 1947 жылдан бастап Сталин бұл мейрамды ресми түрде тоқтатты. Тек 1965 жылы Брежнев тұсында 9 мамыр қайтадан мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.
Неге? Бұл сұрақтарға романды оқысаңыздар толық жауап аласыздар.