Жұртшылық Елордамызда өтетін 5-ші халықаралық Көшпенділер Ойынын тағатсыздана күтуде.
Төрткүл дүние көз тігіп, көңіл аударған көшпенділер ойынына Ертіс-Баян өңірінен асық атушы мергендер де қатысады.
«Алтын сақа» асық федерациясының президенті Қалибек Қуанұлының айтуынша дүбірлі додаға біздің облыстан екі спортшы барады екен. Олар – Жомарт Нұрланов пен Қизат Саятұлы.
Екі спортшының біреуі қырғыздың «Орда» ойыны бойынша, біреуі қазақтың ұлттық асық ату сайысы бойынша бақ сынайды.
- Сонымен қатар, осы көшпенділер ойыны кезінде әлем чемпионаты да байрағын көтермек. Оған біздің облыстан Қуаныш Қабылда есімді мергеніміз барады деген жоспар бар. Спортшылар қазір қызу дайындық үстінде. Жақында ғана Көкшетауда республикалық оқу-жаттығу жиынына барып қайтты. Әрине, ұлттық құраманы биылғы көшпенділер ойынының жеңіс тұғырынан көреміз деп үміттеніп отырмыз,- дейді Қалибек Қуанұлы.
Асық спортының өзіндік қалыптасқан ережелері бар. Яғни, ерлер арасында «Бес табан» болса, қыздар арасында «Бес асық» деп аталады. Көшпенділер ойынының мергендері асықтың осы екі түрі бойынша шеберлік байқасады. Әлем чемпионаттары да осы форматта өткізіліп жүр.
Сонымен қатар, спортшылар қырғыз ағайындардың «Орда» ойынына да қатысып, ел байрағын құлатпауға барын салады деп үміттенеміз. Жалпы, көшпенділер ойыны Қазақ даласында алғаш өткелі отыр. Сондықтан, біздің ұлттық құрама командаларына жүктелген жауапкершілік зор оларға осалдық танытуға болмайды. Бұл ойында біз алдымен төрткүл дүниеден келген қонақтарға спорттық қуатымызды көрсетсек, екіншіден салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді паш етуіміз керек.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Онда барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.