Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы 36-шы маусымда көрерменге пезекті премьераны ұсынбақ.

Театр ұжымының бұл жолғы таңдауы адам жүрегіндегі мейірім мен сағыныш, сүйіспеншілік пен кешірім жайлы сыр шертетін әсерлі драмаға түсті. Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша сахналанатын «Біз туралы…» драмалық лирикасы адамның рухани әлемін, өмірдің аязды сәттерінде де жылылық табуға ұмтылған жанның ішкі күресін бейнелейді.

– Премьералық қойылымның қоюшы режиссері – Жангелді Садықов. Пластика режиссері – Ақтілек Ақанова. Қоюшы суретші – Айсұлу Шарипова. Рольдерді сомдаушылар: Жанар –  Жанара Назикенова; жігіт – Ерасыл Ерланұлы, – дейді ұйымдастырушылар.

Қойылымда адам тағдыры, олардың өмірге, махаббатқа және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Бауыры суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – махаббат пен мейірім екенін спектакль әр көрінісінде сездіреді.

«Біз туралы» – бұл табиғаттағы көктемнің лебі ғана емес, адамдар арасындағы қатынастағы жылулықтың, жан дүниедегі махаббаттың қайта оянуы.

Лирикалық драма жанрындағы премьералық қойылым 28, 29 қараша күндеріне жоспарланған.

Көрермен үшін ақпарат: премьераның өтетін мерзімі: 2025 жылғы  28 қараша күні, сағат 18:00-де, 29  қараша күні, сағат 17:00-де. Өтетін орыны: Павлодар қаласы, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры (Ломов көшесі, 140), Е. Тәпенов атындағы кіші зал.

Добавить комментарий