Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай жаңа қойылым сахналанбақ. Театр бірнеше ай бұрын режиссер Овлякули Ходжакулиді Лондоннан арнайы шақыртқан болатын. Шығармашылық ұжым мен режиссер арасындағы тығыз жұмыстың нәтижесінде 20, 21 мамыр күндері, сағат 18:30-да «Пері қатын» атты драмалық абсурд көрермен назарына ұсынылмақ.
«Пері қатын», бұл – дала театры, пластикалық театр, би театры және музыкалық театр сияқты бірнеше жанрды тоғыстыратын абсурдты драмалық қойылым.
Бертольт Брехттің «Кураж шешей және оның балалары» пьесасындағы оқиға Орталық Еуропадағы 1618-1648 жылдар аралығында орын алған отыз жылдық соғыс барысында өрбиді. Жүсіпбек театрының нұсқасы бойынша «Пері қатын» қойылымындағы жағдай кез-келген уақытта, яғни орта ғасырда да, болашақта да орын алуы мүмкін.
Перi Қатын бәріне пайдалы болатын азық-түлік және басқа да қажетті тауарларды сатуды кәсіп қылып күн көруде. Бұл пері әйел өз құрсағынан шыққан үш баласына қауіп төндіріп тұрған соғыс есебінен баюды көздейді.
Соғыс отбасылар мен балаларға қалай әсер етпек? Кәсіпкер ана балаларын соғыстан қорғай ала ма? Соғысты табыс көзіне айналдыру ойы жүзеге аса ма? Пері Қатынның көңілдесі – Аспаз жігіт бұл жағдайдан қандай пайда көрмек? Спектакль кейіпкерлері бұл соғысты «дін жолындағы» соғыс дегенімен, шын мәнінде бұл қасиетті соғысқа жата ма? Әскери дінбасының дәріптеп жүргені не?
Сахналау тобы:
Қоюшы режиссер, сценограф – Овлякули Ходжакули;
Костюм суретшісі – Айсұлу Шарипова;
Дирижер – Болат Рахимжанов;
Хормейстер – Елена Баторшина;
Вокал – Гүлмира Әлжанова;
Балетмейстер – Айгүл Дайырбаева.
Спектакльдегі музыкалардың таңдалуына қатысушы барлық шығармашылық топ атсалысты.